Қазақстанды «орыстың елі» деген ер адам жауапқа тартылды
Алматыда сауда орталығының күзетшісімен сөзге келіп, Қазақстанды «орыстың елі» деп атаған 40 жастағы ер адам 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиғаның видеосы бұған дейін әлеуметтік желіде тараған. Кадрлардан супермаркеттен қолына энергетикалық сусын ұстап шығып келе жатқан ер адамды күзетшінің тоқтатып, сатып алған тауарының түбіртегін көрсетуді сұрағанын көруге болады.
Алайда сатып алушы күзетшімен сөзге келіп қалады. Олардың дауына өзге келушілер араласып, ер адамнан дүкен қызметкерімен сыпайы сөйлесуді талап етеді.
Сол кезде ашуға булыққан ер адам Қазақстанды «орыстың елі» деп атайды.
Видео желіде тарағаннан кейін полиция оқиғаны тексеруге кіріскен.
«Әлеуметтік желіде тараған жарияланым бойынша тексеру жүргізілді. Алматы қаласының 40 жастағы тұрғыны, Қазақстан Республикасының азаматы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Соңғы жаңалықтар