Қазақстанда тағы бір мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін
Қазақстанда тағы бір мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу жоспарланып отыр. Бұл жолы жаңа кәсіпорынды Ақтөбе облысында ашу мәселесі қаралып жатыр. Зауыт ел ішін жанармаймен қамтып қана қоймай, Орталық Азия мемлекеттеріне де отын жеткізуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы үкіметтегі брифингте энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа зауыт жылына 2 миллион тонна мұнай өңдей алады. Жобаны жүзеге асыруға шамамен екі жыл қажет.
«Қазір жанармай жеткізуде іркілістер бар. Қазақстан мұнай қоры мол ел ретінде көрші мемлекеттерді отынмен қамтамасыз ете алады», – деді Ақкенженов.
Мұнымен қатар елдегі жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру көзделген. Қазір олардың жалпы қуаты жылына 18 миллион тонна болса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 27,7 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Министр өндірілетін жанармай «Еуро-5» стандартына сай болатынын айтты.
Бұдан бөлек, Қазақстанда тағы бір ірі мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазір оған қолайлы жер таңдалуда. Алайда түпкілікті шешім қашан қабылданатынын министр нақтыламады.
Бұған дейін, ақпан айында, Энергетика министрлігі жаңадан салынуы мүмкін ірі мұнай өңдеу зауытының алғашқы кезеңдегі қуаты жылына 10 миллион тонна болатынын хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар