Қазақстандықтар Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін паш етті – Олжас Бектенов

18.03.2026 10:21 Арман Ермеков
Қазақстандықтар Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін паш етті – Олжас Бектенов
52
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында жаңа Ата заңның нормаларын жүзеге асыру жоспары қаралып, алдағы уақытта бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында премьер-министр Олжас Бектенов жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануын ел тарихындағы елеулі кезең деп бағалап, бұл саяси құжат экономика мен қоғамның барлық саласын жаңғыртуға жол ашатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол мемлекеттік реформалардың сапасын қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

«Ең алдымен, барша қазақстандықтарды тарихымыздағы аса маңызды оқиға - жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл - Қазақстанның заманауи тарихындағы ел тағдырын айқындайтын елеулі кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен және қоғамның белсенді қолдауымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді», - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жаңа құжат арқылы құқықтық мемлекет қағидаттары бекітіліп, азаматтардың құқығы мен бостандығы қорғалатынын айтты. Оның сөзінше, қазақстандықтар саяси науқанда белсенділік танытып, реформалардың тиімділігін көрсеткен.

«Ата заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға жол ашады. Бірлік пен әділдік, заң мен тәртіп сияқты негізгі құндылықтарды орнықтырып, ұлтымыздың ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайды», - деді премьер-министр.

Отырыс барысында алдағы уақытта атқарылатын нақты жұмыстар да сөз болды. Енді үкімет парламентпен бірлесе отырып қолданыстағы заңнамаларды жаңа Конституцияға сәйкестендіруі қажет.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында үкімет парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс. Атап айтқанда, бес жаңа және қолданыстағы сегіз конституциялық заңға, сондай-ақ алпыстан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек», - деді ол.

Бұдан бөлек премьер-министр Ата заңды көптеп басып шығару, оны электронды платформаларда қолжетімді ету және білім беру мекемелеріне арналған оқу-әдістемелік құралдар дайындау жұмыстарын тапсырды. Оған қоса жаңа Конституцияның маңыздылығын халыққа түсіндіру шараларын күшейту қажеттігі айтылды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий