Желіде танылған бала полиция бастығынан Тоқаевтың кітабын алды
Кеше ғана полиция формасын киіп, жол бойында көлік тоқтатқан 10 жасар баланың әкесіне айыппұл салынған еді. Енді сол баланы Түркістан облысының бас полицейі арнайы қабылдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітабын сыйға тартты, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиғаның жалғасы осындай болды. Түркістан облысы Полиция департаменті баланың полиция басшысымен кездесуінен түсірілген бейнежазбаны жариялады. Қабылдауға 10 жасар Самұрық әкесімен бірге келген. Үстінде тағы да полиция формасы бар.
Бұған дейін әлеуметтік желіде полиция киімін киген баланың жол жиегінде көлік тоқтатып жүрген видеосы тараған болатын. Полиция оның әкесіне айыппұл салған. Жұрт арасында түрлі пікір туған соң облыстық полиция түсініктеме беріп, мәселе баланың формасында да, полиция болғысы келетін арманында да емес екенін айтқан еді. Тәртіп сақшыларының түсіндіруінше, жол бойында көлік тоқтату баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Ал енді сол Самұрықты Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров арнайы шақырған.
Полицияның хабарлауынша, Сұлтанхан Самұрық Досжанұлы 3 жасынан бері полиция формасын киіп, болашақта тәртіп сақшысы болуды армандайды. Ол адамдарға көмектесіп, заң мен тәртіпті қорғағысы келеді.
Кездесу кезінде генерал баланың арманына қызығушылық танытып, полиция қызметкері болу үшін жақсы оқып, тәртіпті болу керектігін түсіндірген. Сондай-ақ Самұрыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітабын сыйлаған.
Мұнымен шектелмей, Арыстанғани Заппаров Самұрық оқитын мектепте «Жас сақшы» полиция сыныбын ашуды тапсырды. Бұдан бөлек, баланы алдағы уақытта департамент өткізетін түрлі іс-шараларға қатыстырып, полицияның күнделікті жұмысымен таныстыруды ұсынды.
Қабылдаудан кейін Самұрық Полиция департаменті мен Жедел басқару орталығын аралады. Ол облыс аумағындағы бейнебақылау камераларының қалай жұмыс істейтінін көрді.
Соңғы жаңалықтар