Қазақстандықтарға үй алуға 1,5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз көмек беріледі
Елде ипотека рәсімдеу кезінде алғашқы жарнаның бір бөлігін өтеуге арналған тұрғын үй сертификаты беріледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Жергілікті әкімдіктер бөлетін бұл мемлекеттік көмекті бір рет қана және банк ипотеканы мақұлдағаннан кейін пайдалануға болады. Қаражат қайтарымсыз әлеуметтік көмек немесе 15 жылға 0,01%-бен берілетін бюджеттік несие түрінде ұсынылады.
Нысаналы көмекті алу үшін соңғы 6 айда отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы үшін жалпы табыс 630 552 теңгеден жоғары болмауы керек).
Сертификатты кімдер ала алады:
* Көпбалалы, толық емес және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
* Жетім балалар мен мүгедектігі бар азаматтар;
* Дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, құтқарушылар мен құқық қорғау органдарының мамандары.
Бұл көмекті «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» сияқты ипотекалық бағдарламалар бойынша өз өңіріңізден (Алматы мен Астана тұрғындары үшін қала маңынан да) үй сатып алуға бағыттауға болады. Сертификат көлемі мен алушылар санатын, сондай-ақ өтінім қабылдау мерзімін әр өңірдің әкімдігі өзі бекітеді. Өтініш Kezekte.kz сайты арқылы қабылданады.
Соңғы жаңалықтар