Қазақстанның қай аймағында азық-түлік бағасы ең төмен
Солтүстік Қазақстан облысында 11 әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімі республика бойынша орташа бағадан төмен, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Сауда комитетінің баспасөз қызметі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Мысалы, Петропавлда бидай ұны Қазақстанның орташа бағасынан 33%-ға арзан. Мұнда 1 келі ұнның бағасы 150 теңге болса, ел бойынша орташа баға – 224 теңге. Сондай-ақ, сәбіздің бағасы 14%-ға төмен: СҚО-да 130 теңге, ал республикада орташа 152 теңге.
Солтүстік Қазақстан жұмыртқаның ең төмен бағасын ұсынады. Мұнда С1 категориялы жұмыртқа 462 теңгеден сатылып жатыр, бұл Қазақстан бойынша орташа бағадан (545 теңге) әлдеқайда төмен. Сондай-ақ, 1 келі ірімшіктің бағасы 1622 теңге, бұл республикалық орташа бағадан 25%-ға арзан (2172 теңге).
Сиыр етінің бағасы да СҚО-да төмен – 2388 теңге, бұл республикалық орташа деңгейден 7,2%-ға аз. Нан (-17,4%) мен рожки (-19,6%) бағалары да төмен болып отыр. Бұған қоса, қарақұмық жармасы, сары май, пияз және қырыққабат секілді өнімдердің де бағасы республика бойынша орташа деңгейден төмен.
"Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және олардың құнын республика бойынша орташа деңгейден төмен деңгейде сақтау үшін мониторинг және мемлекеттік бақылау жүргізілуде. 11 айдың қорытындысы бойынша сауда үстемесін 15%-дан асырғаны үшін 134 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 118-іне ескерту берілді, ал 16 кәсіпкер айыппұл арқалады," – деді Солтүстік Қазақстан облысы Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.
Ақпарат zakon.kz сайтынан алынған.