Қазақстанның қуаты енді жасанды интеллектпен сыналмақ

Қазақстанның қуаты енді жасанды интеллектпен сыналмақ
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қазақстан Еуропаны жасанды интеллектпен қамтамасыз ететін алып орталыққа айнала ма, әлде шетелдік компаниялардың серверлерін орналастыратын ел болып қала ма? Британияның Global Banking & Finance Review басылымы Қазақстанның технология саласындағы мүмкіндігін талдап, осы сауалға жауап іздеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Басылымның жазуынша, NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары елдің технологиялық болашағына деген қызығушылықты арттырған. Хуанг Астанада өткен кездесуде Қазақстанды «бүкіл Еуропаға арналған болашақ есептеу орталығы және жасанды интеллект фабрикасы» деп атаған болатын.

Алайда басылым Қазақстанның басты мүмкіндігі шетелдік компанияларға жер мен электр энергиясын ұсынумен шектелмеуі керек деп есептейді. Ел осы ресурстарды пайдаланып, өз технологиясын жасап, жасанды интеллект өнімдерін шетелге сата алуы қажет.

Бұған негіз де бар. Қазақстанда NVIDIA технологиясымен жабдықталған екі суперкомпьютерлік кешен жұмыс істеп тұр. Үшінші, одан да қуатты жүйені іске қосуға дайындық жүріп жатыр.

2026 жылғы маусымда Қазақстан үкіметі Firebird және NVIDIA компаниялары қатысатын, құны 10 миллиард долларға дейін жететін келісімдер туралы хабарлады. Жоба аясында 100 мыңға дейін графикалық процессоры бар алып есептеу кешенін құру көзделген.

Оның негізгі алаңы Екібастұздағы Data Center Valley жобасы болмақ. Алғашқы кезеңде 300 мегаватт электр қуаты қарастырылған. Кейін оны 1 гигаватқа дейін жеткізу жоспарланып отыр.

NVIDIA компаниясы Firebird-тің АҚШ-тан 45 мың заманауи Grace Blackwell үдеткішін жеткізуге рұқсат алғанын растаған.

Жоба «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылады. Алғашқы кешенді 2027 жылдың үшінші тоқсанында коммерциялық пайдалануға беру жоспарланған. Келесі кезеңде Firebird кешенінің қуаты 500 мегаватқа жетуі тиіс.

Басылым Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктеріне де тоқталған. Мәселен, 2025 жылы еліміз ақпараттық технология қызметтерінің экспортынан 1,142 миллиард доллар табыс тапқан. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш небәрі 33,5 миллион доллар болған.

Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы интернет арқылы көрсетіледі. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде Қазақстан 193 елдің ішінде 24-орынға көтеріліп, онлайн қызметтерді дамыту көрсеткіші бойынша әлемдегі үздік ондыққа енген.

Ал 2025 жылғы Network Readiness Index рейтингінде Қазақстан 65-орынға орналасқан. Жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізуге дайындық көрсеткіші бойынша да Орталық Азияда көш бастап тұр.

Британ басылымы қазақстандық Higgsfield стартапын да ерекше мысал ретінде келтіреді. Жасанды интеллект арқылы бейнежазба жасауға арналған технология әзірлейтін компанияның Қазақстандағы инженерлік және шығармашылық топтарында 300-ден астам маман жұмыс істейді.

2026 жылғы тамызда Higgsfield 400 миллион доллар инвестиция тартып, нарықтық бағасы 5,4 миллиард долларға жеткен. Қазанда компания NVIDIA мен TCV венчурлық қорынан қосымша инвестиция алатынын жариялады.

Дженсен Хуанг Астанаға келгенде осы жобаны ерекше атап, жергілікті мамандар мен технология әзірлеушілерге инвестиция салудың маңызын айтқан.

Мақалада жасанды интеллектінің пайдасы тек IT саласымен шектелмеуі керектігі де қозғалған. Үкіметтің болжамынша, жасанды интеллектіні отын-энергетика саласына енгізу жылына 23 миллиард теңге экономикалық нәтиже беруі мүмкін. Технология өндірістегі ақаулардың алдын алуға, шығынды азайтуға, тасымал мен металлургия кәсіпорындарының жұмысын жақсартуға пайдаланылмақ.

Бұған қоса, Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісі еліміздің есептеу қуатын Еуропа нарығымен байланыстыруда маңызды рөл атқармақ.

Қазақстанда 2029 жылға дейін жасанды интеллектіні дамытудың кешенді жоспары қабылданған. Елде MagniSoz және Oylan атты тілдік модельдер әзірленіп жатыр. 2030 жылға қарай құны 1 миллиард доллардан асатын кемінде бес технологиялық компания қалыптастыру көзделген.

Еске салайық, Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет 2026 жылғы 23 қазанда келді. Ол Астанадағы alem.ai жасанды интеллект орталығын аралап, министр Жаслан Мәдиевпен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Сапар барысында Хуанг І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу