Қазақстан-Словения: екі ел арасында үш маңызды құжатқа қол қойылды

Қазақстан-Словения: екі ел арасында үш маңызды құжатқа қол қойылды
31.03.2025 13:57
0
264
Ақорда
Қазақстан мен Словения жаңа инвестициялық жобаларды іске асырмақ

«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусарды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар шағын құрамда келіссөз жүргізді 

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның сапары Қазақстан-Словения серіктестігін тереңдетуге септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

– Словениямен тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Бұл – анық. Президент ретінде өзара мүддемізге сай келетін барлық саладағы байланысты нығайтуға күш-жігерімді саламын. Біз Словенияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі негізгі және өте маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің бизнес өкілдеріне және үкіметіңізге бірқатар ұтымды жоба ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Словенияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жуықтады. Еліміздегі фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері салаларында Словения капиталының үлесі бар 19 компания кәсібін табысты жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Словенияның көлік-логистика, цифрландыру және инновация, денсаулық сақтау, туризм бағыттарында өзара серіктестікті арттыруға әлеуеті зор.

 Словения Президенті өзіне және делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын жеткізді

– Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 33 жыл ішінде екі ел арасында бірде бір шешілмеген мәселе болған емес. Мұның экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өркендетуге мол мүмкіндік беретінін дұрыс атап өттіңіз. Сондықтан өзіммен бірге бизнес өкілдерінің үлкен делегациясын алып келдім. Олар қазақстандық әріптестермен бірге серіктестікті ілгерілетуге қатысты бағыттарды талқылап жатыр. Экономикалық ықпалдастығымыз артып келеді. Дегенмен бұдан да зор жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Президенттер мен саясаткерлер арасындағы байланыстар әрқашан болашаққа бағдарланады. Өйткені саясаткерлер бизнестің көкжиегін кеңейтеді, – деді Наташа Пирц-Мусар.

Сондай-ақ келіссөз барысында тараптар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты.

Қазақстан мен Словения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Мемлекет басшысы словен делегациясына құрмет көрсетіп, Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Словениямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бейіл екенін растады. 

– Сіздің бұл сапарыңыз екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Жаңа ғана көптеген тақырыпты, оның ішінде халықаралық ахуалға байланысты кейбір нәзік мәселелерді талқылаған аса мазмұнды кездесу өткіздік. Біз екіжақты ықпалдастықты дамытуға ниетті екенімізді қуаттадық. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Қазақстан Президенті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретін бағыттарды атап өтіп, Қазақстанда Словения бизнесіне қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді. Бұл үшін кәсіпкерлік қызметті реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету, инвестицияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр. 

Мемлекет басшысы Астанада өтетін Қазақстан-Словения бизнес-форумына ерекше мән беретінін жеткізіп, аталған жиын екі елдің сауда-инвестициялық байланысын одан әрі кеңейтетініне тоқталды.

Наташа Пирц-Мусар Астанада қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты

– Бұл сапар экономикалық ынтымақтастығымызды тереңдетуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Аталған мақсатты екі ел де қолдайды. Бұдан да жоғары жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Оған біздің мол мүмкіндігіміз бар. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Өзіңіз айтқандай, Словенияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жетті. Бірақ әлеуетіміз бұдан да зор. Осы себепті Астанаға менімен бірге Словенияның жетекші 25 компаниясынан құралған үлкен бизнес-делегация келді. Мен бұған қуаныштымын, – деді Словения Президенті.

Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, денсаулық сақтау және туризм сияқты перспективті салалардағы ықпалдастықтың бірқатар мәселесін қарастырды. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады. 

Ресми делегация мүшелері төмендегідей құжаттарға қол қойды:

  1. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Словения Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі арасындағы білім және ғылым саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Словения Республикасы Экономика, туризм және спорт министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  3. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Словенияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий