ҚазАвтоЖол трассадағы ойықтарды дәу шақпатастармен бітеп жатыр?
ҚазАвтоЖол компаниясы жауапты Жезқазған-Қарағанды тасжолындағы үлкен шұңқырларды жұмысшылар аяқ киімнің табанындай болатын дәу шақпатастармен толтырып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Желіде тараған бейнежазба авторы жолдың қазіргі жай-күйін көрсетіп, ондағы адам сенгісіз жөндеу тәсіліне наразылық білдірген. Оның сөзіне қарағанда көлемді тастар тасталған ойдым-ойдым жолмен жүру өте қиын әрі көліктерге айтарлықтай зиян келтіреді.
«Жеңіл көліктер осындай жолмен жүруге мәжбүр», — деді бейнежазба авторы.
Айта кетерлігі дәл осы жолдың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына орасан зор қаражат қаралған еді. Биылғы сәуір айында бұл жобаны іске асыруға шамамен 650 млрд теңге тартылатыны ресми түрде мәлімделген болатын. Қыруар қаржыландыру ісі ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы, Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Алайда миллиардтаған қаржы бөлінген тасжолдың қазіргі сиқы жүргізушілердің орынды сұрақтарын тудыруда.
Соңғы жаңалықтар