«Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, жұмыс істейтін заман»: Тоқаев шенеуніктерді сынға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген Үкімет отырысында шенеуніктерді «қорқыныштан қалтырамай, өз міндетін орындауға» шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тоқаев жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс екенін айтты.
«Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет. Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды.Маған Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы баяндалды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді», - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман екенін атап өтті.
«Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман», - деп атап өтті президент.
Тоқаев бұл – еліміз үшін бірегей жоба екенін айтып, үкіметке оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар