ҚазҰУ-дың студенттік қалашығында бірінші курс студенті жұмбақ жағдайда көз жұмды

ҚазҰУ-дың студенттік қалашығында бірінші курс студенті жұмбақ жағдайда көз жұмды

Алматыда ҚазҰУ-дың студенттік қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы жағдайдың мән-жайы әзірге белгісіз.

Ulysmedia.kz мәліметінше, оқиға 6 қараша күні кешкі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік қалашығында болған.

Марқұм Шымкент қаласынан Алматыға келіп, журналистика факультетіне оқуға түскен. Оқиғадан кейін жатақхана аумағына полиция қызметкерлері мен университет өкілдері келген.

Басылым дереккөзінің айтуынша, қайғылы жағдай болған түні жатақханада тұратын студенттерге бөлмелерінен шығуға және балконға баруға рұқсат берілмеген.

Ал студенттер арасында қыздың өліміне қатысты түрлі болжам тарап жатыр. Алайда оның нақты неден көз жұмғаны әзірге белгісіз. Әлеуметтік желілер мен студенттердің ортақ чаттарында өз-өзіне қол жұмсау нұсқасы да талқыланғанымен, бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Бұдан бөлек, дереккөз студенттерден болған жағдай туралы жазбаларды ортақ чаттардан өшіру сұралғанын айтады. Оларға хат алмасулар тексерілуі мүмкін екені ескертілген көрінеді.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының полиция департаментіне оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында ресми сауал жолданған. Марқұмның өліміне қатысты әзірге полиция тарапынан түсініктеме берілген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу