"Қорыққаннан сиіп жіберетінмін". Блогер экс-күйеуінің өзін соққыға жыққанын айтты

28.07.2026 20:51 Томирис САҒЫНДЫҚ
47
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Танымал блогер әрі тиктокер Элеонора Берг отбасылық өміріндегі сұмдық жайттардың бетін ашып, әлеуметтік желіде ашық мәлімдеме жасады. Инфлюенсердің айтуынша, ол бұрынғы жұбайымен отасқан жылдары жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырап келген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Бота Әбдірамановаға берген сұқбатында айтты. 

«Ол мені аяусыз ұратын, тіпті тісімді де сындырып жіберді. Осы жерімде әлі күнге дейін тісім жоқ. Арамызда жанжал шыққан кездердің бірінде, мені қатты соққының астына алғаны сондай, қорыққанымнан сиіп жібергенім де есімде. Бәрі оның ішіп келгеніне наразылық білдіргенімнен басталды. Ол мені құшағымда кішкентай балам бар кезде де аямай ұрды. Дәл солай соққыға жыққан сол бір түні мына тісімді сындырған болатын. Маған жиі қол көтеретін. Қысқасы, арамыздағы қарым-қатынаста сорақылық пен сұмдық өте көп болды. Тіпті ашығын айтсам, мен оған бір емес, бірнеше рет тұрмысқа шықтым. Оған бауыр басып қалғаным сондай, түбі бір оңалатын шығар, бәрі жақсы болып кетер деп үміттенетінмін. Одан бөлек жүрсем, жаным қатты ауыратын, өзімді жаман сезінетінмін. Кезінде: «Балама толыққанды отбасы керек. Оның өз әкесі тұрғанда, өзге біреудің әке болғанын қаламаймын. Жанымда өз әкесінің жүргені өзіме де үйреншікті әрі дұрыс қой» деп ойлайтынмын. Өйткені баламның туған әкесі басқа емес, дәл осы адам екенін білемін ғой. Ал қазір бұның бәрі маған бәрібір», — деп ағынан жарылды Элеонора Берг.

Сонымен қатар, блогер бұрынғы күйеуінен алимент өндіріп алуда тап болған қиындықтары туралы да ашық айтты. Инфлюенсердің сөзінше, бұрынғы жұбайы баласына тиесілі қаржыны төлеуден жалтару үшін түрлі айла-шарғыға барған. Тіпті заңды түрде белгіленетін төлем мөлшерін азайту мақсатында әдейі жалған жұмыс орнына орналасып алғанын алға тартты. Ол бұл мәселеге тиісті құзырлы органдардың назар аударуын талап етті.

«Қазір баламның қасында мен бармын. Мен ол үшін әрі анамын, әрі әкемін. Сондай-ақ жанымда өз анам бар. Ол маған ана да, әке де, әже де, ата да — қысқасы, бүкіл әлемді алмастыра алады. Себебі бұрынғы күйеуім баламның өміріне мүлде араласпайды. Айттым ғой, ол тіпті алиментті азайтып төлеу үшін әдейі өтірік жұмысқа орналасып алған. Ол — жай көзбояушылық. Тиісті органдардың қайда қарап отырғанын түсінбеймін! Баласына аз төлеу үшін еркексымақтарға осындай жалған жұмыс тауып алуға мүмкіндік беріп қойған. Қолымнан келсе, табысының тең жартысын сот арқылы тартып алар едім, жартысын! Оған ақшаның да керегі жоқ. Мүлде керек емес. Оның не үшін жұмыс істеп жүргенін де түсінбеймін... Жалпы, ата-ана не үшін жұмыс істеуі керек? Баласын қамтамасыз ету үшін емес пе?! Мен қазір тек осы үшін еңбек етіп жүрмін. Бірінші кезекте балама жайлы жағдай жасау үшін, ол мұқтаждық көрмеуі үшін арнайы пәтер жалдап тұрып жатырмын», — деді Элеонора Берг.

Войдите, чтобы оставить комментарий