Құлсарыда бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірген келіншек туралы тың ақпарат шықты

Құлсарыда бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірген келіншек туралы тың ақпарат шықты
31.03.2025 12:05
0
671
Жылыой аудандық ауруханасы

Жылыой аудандық орталық ауруханасы орны толмас қазаға байланысты терең қайғырып, заңгер Қайырбекова Мейрамгүл Абатқызының өмірден өтуіне орай көңіл айтты. Atyrau Online Telegram-арнасының хабарлауынша, кенеттен болған қайғылы жағдай ұжым мен жақындарына ауыр соққы болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Мейрамгүл Абатқызы 2022 жылдан бастап Жылыой аудандық орталық ауруханасында заңгер қызметін атқарып келген. Ұжымның айтуынша, ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, біліктілігін үнемі жетілдіріп, кәсіби дамуға ерекше көңіл бөлетін маман болған. Ол алған сертификаттары мен үздіксіз оқуға деген ынтасымен өзгелерге үлгі көрсетті.

Әріптестері оның тек кәсіби маман ғана емес, адами қасиеті мол, жүрегі кең жан екенін ерекше атап өтті. Жоғары мәдениеттілігі, мейірімділігі мен қамқор мінезі оны ұжымда ерекше құрметке бөлеген. Үлкенді сыйлап, әріптестерін бағалай білетін адам ретінде есте қалған Мейрамгүл Абатқызы артында кішкентай қызын қалдырды.

Қайғылы оқиға 27 наурыз күні түстен кейін, тікелей жұмыс орнында болған. Жұмыс кабинетінде жалғыз отырған сәтінде оның бұрынғы күйеуі ішке кіріп, пышақпен шабуыл жасаған. Оқиға орнына бірінші болып жеткен қызметкер оны ауыр жарақатпен, қансырап жатқан күйінде тапқан. Бұл жантүршігерлік оқиға бүкіл қоғамды бей-жай қалдырмады.

Мейрамгүл Абатқызының мезгілсіз қазасы – тек ұжым үшін емес, барша жұрт үшін орны толмас қайғы. Жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз, сабыр тілейміз. Марқұмның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий