"Құшақтап, беттен сүю — ерсі әдет": Қарақат Әбілдина амандасу әдебі туралы айтты

26.08.2026 10:30 Мөлдір ҚАЙНАР
213
Фото: karakat_a/Instagram

Әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында амандасу әдебіне қатысты ой қозғап, бөтен ер мен әйелдің құшақтасып, сүйісіп амандасуы дәстүрімізге жат екенін мәлімдеді, деп жазады Politico.kz.

Өнер иесі көпшілік ортада осындай ыңғайсыз жағдайларға жиі тап болатынын ашық жеткізді.

«Сахнада ән айтып тұрғаныңда немесе көпшілік ортада бөтен ер азаматтардың құшақтай жөнеліп, бетіңнен сүюге ұмтылғаны — өте ерсі, таза әдепсіздік. Бөтен ер мен бөтен әйелдің құшақтасып, сүйісіп амандасуы біздің ата-бабамыздан қалған әдепке тән емес. Кеуде тұсына қол қойып, жылы жүзбен амандасудың өзі қандай жарасымды! Сол бір ишараның өзінен сыйластық та, тәрбие де көрініп тұрады», — деді әнші.

Сонымен қатар ол бұдан былай таныстары мен әріптестеріне осы үлгіде сәлем беретінін айтып, өкпелемеуді сұрады.

«Қанша жақсы көрсек те, құрметімізді міндетті түрде құшақтасып, сүйісіп дәлелдеудің қажеті жоқ. Сондықтан ертең кездескенде құшақ жаймай, қолымды жүрек тұсына қойып амандассам, «Қарақат өзгеріп кетіпті» демеңіздер. Бұл сіздерге деген құрметімнің кемігені емес, керісінше ізет білдіргенім деп біліңіздер», — деп түйіндеді Қарақат Әбілдина.

Войдите, чтобы оставить комментарий