Бір дәрі үшін 16 жыл жаза: Грузияда қазақстандық жүргізушіге үкім шықты

10.10.2026 • 10:35 Қарақат АСЫЛОВА
Бір дәрі үшін 16 жыл жаза: Грузияда қазақстандық жүргізушіге үкім шықты
346
Фото: Politico.kz

Қазақстан азаматы Грузияда 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған оның дәрі қобдишасынан табылған күшті ауырсынуды басатын дәрі себеп болған. 

44 жастағы Иван Чекулаев сәуір айында Грузияның Поти портында ұсталған. Жүк көлігінің жүргізушісі белінің қатты ауыратынын айтып, емдік мақсатта қолданатын дәрісін өзімен бірге алып жүрген. Алайда Грузия заңнамасына сәйкес, аталған препарат психотроптық және есірткі заттарына жатқызылған.

Жүргізушінің отбасы жарты жыл бойы оны босатуға күш салған. Туыстары дәріні Германиядағы дәрігердің тағайындағанын айтып, оның медициналық мақсатта қолданылғанын дәлелдеуге тырысқан. Соған қарамастан, сот оны кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл істі дипломаттар бастапқы кезден бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, консулдық қызметкерлер сотталған азаматпен кездесіп, сот отырыстарына қатысқан, адвокат табуға көмектескен және оның туыстарымен байланыста болған.

«Дипломаттар азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетуді жалғастырады», — деп хабарлады СІМ.

Ал жүргізушінің отбасы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіруге ниетті. Оған бір ай уақыт берілген. Сотталған азаматтың жұбайының айтуынша, Грузиядағы дәрігерлер оның күйеуінің диагнозына күмән келтірмеген. Ол нейрохирургтің бақылауында емделгенімен, сотта кінәсіздігін дәлелдей алмаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий