Қытайда мұнай компаниясының экс-басшысы пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді
Қытайдың Цзянсу провинциясында сот мемлекеттік мұнай корпорациясының бұрынғы топ-менеджеріне аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін өлім жазасы үкімін шығарды. Бұл туралы қытайлық «China Daily» басылымы жазды.
Сюйчжоу қалалық орталық халық соты «China National Offshore Oil Corporation» немесе қысқаша «CNOOC» компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары Юань Гуанъюға қатысты шешім қабылдады. Ол 152 млн юань немесе шамамен 22,49 млн $ көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкіміне сәйкес 67 жастағы экс-шенеунік өмір бойына саяси құқықтарынан айырылып, оның барлық жеке мүлкі тәркіленді. Заңсыз жолмен тапқан табысы түгелдей мемлекет қазынасына қайтарылатын болды. Дегенмен судьялар оған өлім жазасын екі жылдық сынақ мерзімімен кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Юань Гуанъю 2001 жылдан 2022 жылға дейін өз қызметін асыра пайдаланып келген. Ол түрлі жеке тұлғалар мен ұйымдарға жобаларды мердігерлікке беру, бизнес операцияларын жүргізу және кадрларды тағайындау мәселелерінде заңсыз көмек көрсеткен. Осы қызметтері үшін жоғарыда аталған аса ірі мөлшердегі сыйақыны алып отырған. Сот бұл әрекеттер ел мен халық мүддесіне орасан зор шығын әкелді деп бағалады. Осыған байланысты сотталушыны ең ауыр жазаға тарту туралы ұйғарым жасалды.
Алайда айыпталушы тергеумен белсенді түрде әрекеттесіп, кінәсін толық мойындаған. Ол құқық қорғаушылар әлі анықтап үлгермеген басқа да қылмыстарын өз еркімен айтып беріп, заңсыз қаражатты қайтаруға күш салған. Қытайдың заңнамалық тәжірибесіне сәйкес егер айыпталушы екі жылдық сынақ мерзімінде жаңа қылмыс жасамаса, оның өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Кейіннен жақсы мінез-құлқы үшін бұл мерзім одан әрі қысқаруы да мүмкін.
Тяньцзинь тумасы Юань Гуанъю ондаған жыл бойы теңіз мұнайын өндіру саласында жұмыс істеген. Ол 2016 жылдың тамызында елдегі ең ірі мұнай және газ өндіруші «CNOOC» корпорациясы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалып, 2019 жылы зейнетке шыққан. Оған қатысты тәртіптік және бақылау тергеуі 2025 жылдың наурызында басталды.
Төрт айдан соң ол Қытай Коммунистік партиясының қатарынан шығарылды. Жыл соңында шенеунікке ресми түрде парақорлық бойынша айып тағылып, оның ісі 19 наурызда ашық сотта қаралды. Бұл процеске ұлттық заң шығарушылар мен саяси кеңесшілер арнайы қатысып, сот барысын қадағалады.
Айта кетейік, Қытайда танымал продюсерді улаған қызметкерге өлім жазасы орындалған болатын.
Соңғы жаңалықтар