"Қыз алдырады". Айгүл Орынбек Шымкент әкімінің орынбасарына оқ атылуына байланысты пікір білдірді

23.04.2025 11:08
0
455
ашық дереккөз

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің әкімдік алдында оқ жарақатын алғаны қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ MADENIPORTAL.KZ сайтына сілтеме жасап.

Бұл оқиғаға байланысты танымал заңгер Айгүл Орынбек өз көзқарасын білдіріп, шымкенттік шенеуніктер арасындағы әдепсіз әрекеттер мен қызметтік этиканың бұзылуын сынға алды. 21 сәуір күні жұмыс күні аяқталар сәтте әкімдік ғимаратының алдында аңшы мылтығынан атылған оқ Берденовті жарақаттағаны белгілі болды. Бейресми дереккөздерге сүйенсек, күдікті бұл әрекетке қызғаныш себепті барған. Күдіктінің әкімдікте жұмыс істейтін Ернар есімді азамат екені анықталған.

Айгүл Орынбек өз әлеуметтік желідегі парақшасында аталған оқиғаның артында терең себептер жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл оқиға – Шымкент әкімдігінде қалыптасқан моральдық дағдарыстың көрінісі. Заңгердің айтуынша, кейбір шенеуніктер қызметтік мүмкіндіктерін жеке мақсатта пайдаланып, тіпті шетелден қыздар алдыртып, көңіл көтерген. Ол бұл туралы нақты мәліметтерге ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, Айгүл Орынбек Шымкент қаласы әкімдігі ішіндегі тәртіпсіздікке әкім Ғабит Сыздықбековтің жауапты екенін айтып, жергілікті басшылықтың жағдайды уысынан шығарып алғанын мәлімдеді. Ол мемлекет басшылығына үндеу жасап, Шымкент қаласындағы ахуалға жіті назар аударуға шақырды.

Заңгердің айтуынша, қазіргі уақытта Берденовті ақтау әрекеттері жүріп жатыр және ресми ақпаратта шындық бұрмалануда. Ол Ернардың әрекетін ақтап, оның бұл қадамға ауыр психологиялық және моральдық қысым салдарынан барғанын алға тартады. Ернардың ішкі істер академиясын тәмамдаған, ақыл-есі дұрыс әрі жауапты қызметкер екені, сондай-ақ оның спорттық ортада сыйлы азамат ретінде сипатталатыны да заңгер тарапынан ерекше айтылды.

Айгүл Орынбек бұл оқиғада тек бір жақты ақпаратқа сүйенбей, әділ бағалау керектігін баса айтты. Ол зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелерді бұған дейін де көтеріп жүрген белсенді ретінде, әйелдерге қатысты орын алатын харассмент жағдайларын назардан тыс қалдырмау қажет екенін еске салды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий