Қызылордада ана мен 5 айлық сәбиді қаққан жүргізуші әлі табылмады

Қызылордада ана мен 5 айлық сәбиді қаққан жүргізуші әлі табылмады
Наргиз Бұхарбай/Фото: әлеуметтік желіден алынған

Қызылордада анасы мен бес айлық сәбиін көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші әлі қолға түскен жоқ. Жол апатынан сәби көз жұмып, анасы ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Полиция күдіктінің кім екенін анықтағанымен, оны әзірге ұстай алмай отыр, деп хабарлайды Politico.kz тілшісі.

Бұған дейін Қызылордада болған қайғылы жол апаты туралы жазған едік. 13 қазанда сағат 17:10 шамасында Қызылорда қаласындағы Күлтекенов көшесінде, №111 үйдің маңында Mitsubishi Lancer көлігі 25 жастағы Наргиз Бұхарбай мен оның 5 айлық сәбиін қағып кеткен.

Туған күніне бір айдай ғана қалған жас ана ауыр жарақат алған. Ол Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер әйелдің бас миы жарақаттанғанын, бірнеше қабырғасы мен жамбас сүйегі сынғанын және жарақаттық шок алғанын анықтаған.

Ал 5 айлық сәби басынан ауыр жарақат алып, қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Өкінішке қарай, дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.

Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде отбасының жақындары жазба жариялап, жұрттан көмек сұраған. Олардың айтуынша, ана мен баланы қаққан көліктің жүргізушісі – 26 жастағы Алексей Александрович Великов. Туыстары оның апаттан кейін оқиға орнынан қашып кеткенін және әлі табылмағанын мәлімдеген.

Осыған байланысты редакциямыз Қызылорда облыстық полиция департаментіне ресми сауал жолдады.

Полиция жүргізушінің әлі ұсталмағанын растады.

«Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Күдіктінің жеке басы анықталды. Қызылорда облысының Полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Қалаға кіре беріс жолдарда бақылау күшейтілді.

Күдіктіні іздестіру және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларына Полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды», – деп жауап берді полиция.

Бұдан бөлек, редакциямыз Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталындағы «Қылмыскерлерді іздестіру» бөлімінен Алексей Великовтің аты-жөнін тексеріп көрді. Алайда ол жерден мұндай адам туралы мәлімет табылмады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу