Баласымен бірге көлік қаққан әйелдің қазіргі жағдайы белгілі болды
Қызылордада бес айлық сәбиімен бірге көлік қағып кеткен 25 жастағы Наргиз Бұхарбайға алғашқы операция жасалды. Жақынының айтуынша, ота сәтті өткен. Дәрігерлер әйелді тұрғызып, жүргізіп те көрген, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 13 қазанда болған. Наргиз бас-ми жарақатын алып, бірнеше қабырғасы мен жамбас сүйегі сынып, ауруханаға түскен. Ал оның 5 айлық сәбиі ауыр жарақаттан көз жұмған.
Әйелдің жақыны әлеуметтік желіде оның қазіргі жағдайы туралы жазды.
«Наргизге кеше алғашқы операция жасалды, Аллаға шүкір сәтті өтті. Сенбі күні тағы бір операция жоспарланып отыр. Жағдайы жақсы шүкір Тұрғызып, аяғын бастырып, жүргізіп те көріп жатыр, Құдай қаласа үйге өз аяғымен оралады деп күтудеміз», – деп жазды ол.
Ол дәрігерлерге алғыс айтып, полицияның жұмысына наразылық білдірген. Айтуынша, тәртіп сақшылары бейнежазбаны өшіруді сұрап, тергеу жүріп жатқанын айтумен шектелген.
«Қайда Алексей?! Қандай жұмыс жасап жатырсыздар?!» – деп сұрады ол полициядан.
Оқиға кезінде көлік тізгінінде болған 26 жастағы Алексей Великов әлі табылмаған. Оған іздеу жарияланғанына 35 күн өткен.

Айта кетейік, қаза тапқан сәби каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың жиені.
Соңғы жаңалықтар