Қызылордада көлік анасы мен сәбиін қағып, 5 айлық бала көз жұмды

15.10.2026 • 15:18 Қарақат АСЫЛОВА
Қызылордада көлік анасы мен сәбиін қағып, 5 айлық бала көз жұмды
273

Қызылордада қайғылы жол апаты болды. Бес айлық сәбиімен бірге көлік қағып кеткен әйел ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Ал нәресте алған жарақатынан көз жұмды. Марқұмның туыстары жүргізушінің оқиға орнынан қашып кеткенін айтып, оны табуды сұрап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 13 қазанда сағат 17:10 шамасында Қызылорда қаласындағы Күлтекенов көшесінде, №111 үйдің маңында болған.

2000 жылы туған жүргізуші басқарған Mitsubishi Lancer көлігі 2000 жылы туған Бұхарбай Наргиз бен оның 5 айлық ұлын қағып кеткен.

Апаттан кейін анасы Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оған бас-ми жарақаты, бірнеше қабырғасының және жамбас сүйегінің сынуы, жарақаттық шок диагноздарын қойған.

Ал 5 айлық сәби басынан алған жарақатымен қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Өкінішке қарай, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

«Бес айлық періштемізден айырылып отырмыз»

Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде отбасының жақыны жазба жариялап, көпшіліктен көмек сұраған.

Оның айтуынша, жүргізуші мас күйінде анасы мен баласын қағып кеткеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен.

«Апаттан бес айлық періштемізден айырылып отырмыз. Келінімізді ауыр хәлге түсіріп, қашып кетті. Бір шаңырақты ортасына түсіріп кетті. Көпшілікке жар салатын нәрсе емес, бірақ оның қашып жүргені жанымызға батып бара жатыр», – деп жазды марқұмның жақыны.

Отбасы жүргізуші туралы қандай да бір мәліметі бар адамдардан хабар беруді өтінген.

«Қандай да бір ақпарат болса, хабар берсеңіздер! Қандай жаза берсе де, бөпеміз қайтып келмейді. Бар үмітіміз – Наргиз аман қалып, отбасына оралса», – делінген жазбада.

Оқиғаға қатысты Politico.kz Қызылорда облыстық полиция департаментіне сауал жолдады. Әзірге жауап келген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий