Қызылордада ауруханаға өз аяғымен барған ер адам бір жарым жылдан бері комада жатыр
Қызылордада өкпесіне салқын тиіп, ауруханаға өз аяғымен барған 49 жастағы Ержан Әзенов бір жарым жылдан бері комада жатыр. Науқастың оянатынын-оябайтынын дәрігерлер де білмейді, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Ал жақындары өкпесіне салқын тиіп барған науқасқа ақ халаттылар әу баста шұғыл көмек көрсетпеген дейді. Тіпті дерті асқынып тұрса да, ауруханадан шығарып жібергеніне ашынады. Қазір медицина мамандарының әрекетін полиция тексеріп жатыр.
Науқастың әйелі Қарлығаш Сақтапбергенова 2024 жылдың жазында күйеуінің пневмонияға шалдығып, ауруханаға барғанын айтады. Алайда ыстық бөлмеде ауа жетпей қиналған азамат бір күннен кейін «үйден ем қабылдаймын» деп дәрігерден өзі сұранып шығып кетіпті. Осылайша таксиге мінген бойда Ержан Әзеновтың бірнеше сәтке жүрегі соқпай, миы жұмысын тоқтатқан. Содан бері ес-түссіз күйде жатыр дейді жұбайы. Ол күйеуінің денсаулығын бірден тексеріп, тиісті ем жүргізбеген медицина мамандарын кінәлайды.
«Ішкі құрылыстары бәрі істеп тұр. Жүрегі 10-11 минут тоқтап тұрғанда миы да жұмысын тоқтатқан. Емделемін деп өз аяғымен келген адам мынадай жағдайға ұшырады. Бүгін 1 жыл 7 ай болды жатқанына. Мына жаққа келгенде неге емі дұрыс жасалмады сол күні. Неге жасамады, ол адамды аман алып қалуға болатын еді ғой», – дейді әйел.
Ауруханадағы дәрігерлер науқасқа тиісті көмек көрсетілді деп ақталады.
«Негізгі науқастың шағымдарына байланысты сол кездегі тексеру нәтижесімен оған пневмония диагнозы қойылып, терапия бөліміне жатқызылып, пульмонолог дәрігер тексерді. Стандартқа байланысты ем-шаралар тағайындалған. Ол жерде емде ауытқушылық болды деген нәрсеге негіз жоқ. Бір жарым жылдан бері бақылап отырмыз. Өзгеріс байқалып тұрған жоқ», – дейді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Бержаппарова.
Аурухана басшылығы ауырып келген адамды үйіне жіберген дәрігерге сөгіс беріпті. Ал полицейлер «міндетін тиісінше орындамау» бабымен тергеу жүргізіп жатыр. Науқастың әйелінің айтуынша, Ержан Әзенов өмір бойы спортпен шұғылданған, денсаулығына шағым айтпаған. Әйелі мен екі қызы оның есін жиып, үйге қайта оралғанын асыға күтіп жүр.
Соңғы жаңалықтар