Қызылордалық ана делдал компанияны баласының өліміне кінәлады
Қызылорда облысында 16 жастағы Сұңқар Сәбиттің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қатерлі ісікке шалдыққан жеткіншек ем іздеп Үндістанға барғанымен, екі аптаға жуық уақыт ішінде ем қабылдап үлгермей көз жұмған, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның анасы Райхан Мәлікова ұлының өліміне делдал компанияны кінәлап отыр. Оның айтуынша, шетелде нақты ем ұйымдастырудың орнына уақыт созылып, түрлі шығындарға ақша жұмсалған.
Анасының сөзінше, Сұңқарға сәуір айының басында аталық без обыры диагнозы қойылған. Қазақстанда қажетті ем болмаған соң, отбасы шетелге шығуға шешім қабылдап, Шымкенттегі делдал компанияның көмегіне жүгінген. Алайда әйелдің айтуынша, нәтижесінде олар ем алудан гөрі қаржылық шығынға батқан.
«15-20 миллион кетті деп ойлаймын. Бірақ нақты айта алмаймын. Несие алдым, барымды саттым, халық та 2-3 миллиондай ақша жинап берді. Бірақ ешқандай ем алып үлгермедік. Тек ақша сұрай берді. Мейлі, ақшаның орны толар, бірақ баламның өмірі қайта келмейді», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Сұңқар Сәбит Үндістанда тексерулерден өтіп жүрген кезінде 12 күннен соң көз жұмған. Ал оны шетелге алып баруға көмектескен Medical Travel компаниясының өкілдері науқастың анасынан қызмет үшін ақша алмағандарын айтады. Олардың сөзінше, шығын тек медициналық тексерулер мен емхана қызметтеріне төленген.
«Бізге Үндістан тарапынан ақша төленеді. Науқастан нақты бір сома алған жоқпыз. Қан талдауы, МРТ, ПЭТ/КТ сияқты тексерулерге өзі төледі», – деді компания құрылтайшысы Гүлжазира Үргешбай.
Қазіргі таңда баласынан айырылған ана Қызылорда облыстық прокуратурасынан әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр. Прокуратура өкілдері арыз қабылданып, іс бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.
«Азаматтан келіп түскен арыз прокуратурамен қабылданды. Қазіргі уақытта қылмыс құрамының бар-жоғына қатысты нақты қорытынды жасауға ерте. Тиісті тексерулер жүргізіліп, құқықтық баға беріледі», – деді ресми өкіл Раушан Майгелдиева.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімнің өліміне қатерлі ісіктің өзі емес, жүрек-қан тамырларының бітелуі себеп болған. Осыған байланысты анасы диагнозды дер кезінде анықтамаған қазақстандық дәрігерлердің үстінен де шағым түсірмек. Айта кетейік, Сұңқар Сәбит биыл колледжге түсіп, электрик мамандығын меңгеріп жүрген.
Соңғы жаңалықтар