«Қызымды жерлеп жүргенде, Пакты кешіріп қойыпты»: әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі мәлімдеме жасады

19.06.2026 12:38 Әсел МҰРАТ
«Қызымды жерлеп жүргенде, Пакты кешіріп қойыпты»: әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі мәлімдеме жасады
147
Фото: Zakon.kz

Алматы қаласында әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты іс бойынша негізгі сот талқылауы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Іске төрағалық етуші судья Еркін Майшинов Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотқа сот кабинеті арқылы бірнеше өтініш түскенін мәлімдеді. Айтуынша, олардың қатарында жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі де өзін жәбірленуші ретінде тану, оның фотосуреттері мен бейнежазбаларын бұқаралық ақпарат құралдарында және өзге де ақпарат көздерінде жарияламау, сондай-ақ журналистерге оның жеке деректерін таратуға тыйым салу туралы өтініштер бар.

Жәбірленуші тараптың үш адвокатының айтуынша, Томиристің әкесі қызын толықтай асырап, оның білім алуына жағдай жасап, тәрбиесімен айналысқан. Алайда ол қыздың анасымен 2018 жылдан бері бірге тұрмайды. Іс материалдарында олардың некесінің бұзылғанын растайтын құжат бар. Адвокаттардың сөзінше, ол қызының жерлеу рәсімдерімен айналысып жүргенде, бұрынғы жұбайы айыпталушыны кешірген.

Судья Еркін Майшинов марқұм қыздың әкесінен куә ретінде жауап алды.

«Қызым 2005 жылы дүниеге келді. Ол – менің тұңғышым. Өз қолыммен өсіріп, тәрбиеледім. «Болашақ» мектебінде оқыды, оқуына ай сайын 300 мың теңге төлеп отырдым. Анасы – бұрынғы жұбайым. Бізден бес бала дүниеге келді. Томирис – көз жұмған екінші қызым. Бір қызымды бір жарым айлығында жер қойнына тапсырғанмын, енді Томиристен айырылып отырмын. Тағы үш ұлым бар. 2018 жылдан бері бұрынғы әйеліммен бірге тұрмаймыз, отбасымыз сақталмады. Кейбір таныстарымыз біздің ажырасқанымызды әлі күнге дейін білмейді. Ол қазір қайта тұрмыс құрған. Томирис кейде менің, кейде анасының үйінде тұратын. Мен оларға үш бөлмелі пәтер қалдырдым», - деді ол.

Ол қызының қазасы туралы қалай естігенін айтып, үш айдан бері түн ұйқысы бұзылғанын жеткізді.

«Сол күні Талдықорғанға бара жатқанмын. Маған полиция қызметкері хабарласып, Томирис туралы сұрады. Оның менің қызым екенін айтқанымда, жол апатынан көз жұмғанын жеткізді. Дереу Алматыға кері қайттым. Жақындарымды мәйітханаға жібердім, кейін олар ондағы адамның Томирис екенін растады. Өзім барып көргенде, бас сүйегі қатты зақымданған, денесі ауыр жарақат алған еді. Бұрын арнайы жасақта қызмет еткен адам ретінде мұқият қарап, оның шынымен қызым екеніне көз жеткіздім. Құшақтап тұрып жыладым. Кейін оны үйге алып келдік. Бізге жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру қажет болды. Сол кезде бұрынғы әйелім түсініктеме беру үшін полиция департаментіне барыпты. Ал менің оған уақытым жоқ еді – қабір қазылып, қызымды дүниеге келген, өскен, білім алған шаңырағынан соңғы сапарға шығарып салуымыз керек болды. Келесі күні, Наурыз мерекесінде, оны жерледік. Жаназаға туыстары, достары және көптеген адамдар қатысты. Кешке бір топ жас жігіт келіп, кешірім сұрады. Өздерін Александр Пактың жақындарымыз деп таныстырды. Бірақ мен оларды қабылдамадым. Кейін олар бұрынғы әйеліме барған. Ол кешірім беріп, өтемақы алған. Томирис Құмармен бес жылдан астам уақыт араласты, ал Еламанды мен танымаймын», - деді Томиристің әкесі.

Ол қызы қайтыс болардан бір күн бұрын сөйлескенін және Наурызда кездесуді жоспарлағандарын айтты.

«Қызыммен қайтыс болардың алдында, бір күн бұрын сөйлестім. Өзі хабарласты. Анам жыл сайын бүкіл көше тұрғындарына арнап наурызкөже дайындайды. Томирис достарымен бірге келетінін айтты. Мен қуана келісіп, оларды күтетінімді жеткіздім. Бұған дейін бір апта бұрын үйіме келген еді, ұзақ әңгімелестік. Өмірде түрлі қызмет атқардым, жеті жыл арнайы жасақта жұмыс істедім, кейін оққағар болдым. Отбасымыз бірге тұрған кезде тұрмысымыз жақсы еді. Ажырасқанымыз Томириске ауыр тиді. Ол бізді қайта табыстыруға бірнеше рет әрекеттенді. Кейін бұрынғы жұбайыммен қарым-қатынасымыз түзелгенде, соған қатты қуанған болатын», - деді ол.

Сот шешімімен ол  жәбірленуші ретінде танылды. Бұдан әрі сот процесіне оның адвокаттары қатысады. Олардың өтініштері толық қанағаттандырылды.

Сот отырысында ол жақында айыпталушының ата-анасымен жүздесу үшін Тараз қаласына арнайы барғанын да айтты.

«Таныстарым хабарласып, үш жәбірленуші де айыпталушыны кешіріпті, сен де кешірдің бе деп сұрай бастады. Жоқ, мен оны кешірген жоқпын! Ешқандай кешірім жоқ. Мен Таразға, оның отбасының үйіне бардым. Әкесін көрдім. Ол жылап тұрды, тіпті алдыма тізерлеп отырғысы келді. Мен оған жалғыз қателігі – ұлын дұрыс тәрбиелей алмағаны екенін айттым да, кетіп қалдым. Ешкімге қоқан-лоқы көрсеткен жоқпын, ештеңе талап еткен де жоқпын. Оның ұлы мені моральдық тұрғыдан күйретті. Үш айдан бері тәулігіне бір сағат қана ұйықтаймын. Қызымды жақсы көрдім, қазір де жақсы көремін және өмір бойы жақсы көретін боламын... Александр Пак, сен енді осыдан кейін қалай өмір сүрмекшісің?» – деді жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі сотталушыға қарата сөйлеп.

Еске салайық, басты сот отырысына жол апатында марқұм болған үш адамның тек екеуінің туыстары қатысқан болатын. Олар күдікті Александр Пакты кешірім беріп, тек шартты жаза тағайындауды сұраған болатын.

Ал 8 маусымда үшінші жәбірленуші тарап та Пакқа кешірім бергені белгілі болды. 

Сонымен қатар, сот отырысы барысында Пак кінәсін толық мойындады.

Войдите, чтобы оставить комментарий