Ресей Қазақстан мұнайын Германияға жіберуді тоқтатты. Песков себебін түсіндірді
Ресей тарапы техникалық ақауларға байланысты "Дружба" құбыры арқылы қазақ мұнайын Германияға тасымалдауды 1 мамырдан бастап уақытша тоқтатады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл жағдайдың тек техникалық мәселелерге қатысты екенін айтып, Қазақстанның мүддесі толық ескерілетінін және қажетті мұнай көлемі басқа логистикалық жолдармен жөнелтілетінін мәлімдеді. Ресей вице-премьері Александр Новак та осыған ұқсас пікір білдіріп, өзгерістердің мамыр айының басынан бастап күшіне енетінін растады.
Еліміздің энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 22 сәуірде ресейліктердің бастамасымен мұнай тасымалы тоқтайтыны туралы ақпаратты алдымен бейресми дереккөздерден естігенін жеткізді. Оның айтуынша көрші ел құбыр арқылы мұнай айдауға техникалық мүмкіндіктің жоқтығын желеу еткен.
«Бұл инфрақұрылымға жасалған шабуылдармен байланысты болуы мүмкін», – деді министр.
Әзірге тасымал тек бір айға тоқтатылады деп күтіліп отыр. Министрдің айтуынша жіберілмей қалған мұнай көлемі басқа бағыттарға қайта бөлінеді.
Жалпы биылғы өндірілетін 80 млн тонна қазақстандық мұнайдың шамамен 3 млн тоннасы осы "Дружба" желісі арқылы өтеді деп жоспарланған, ал 2025 жылы бұл бағытпен 2,1 млн тонна шикізат тасымалданған. Бұл құбыр арқылы Қазақстан күніне 200 мың баррельге дейін мұнай экспорттап, Германиядағы "Швед" зауыты тұтынатын шикізаттың 20-30 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Жалпы ұзындығы 8900 шақырымға жуықтайтын "Дружба" магистралі 1960 жылдары салынған. Ол Беларусь, Украина, Польша, Германия, Чехия, Словакия және Венгрия аумағы арқылы өтетін әлемдегі ең ірі мұнай құбырлары жүйесінің бірі саналады.
Айта кетейік, алғаш болып бұл өзгерісті шетелдік басылымдар хабарлаған болатын.
Соңғы жаңалықтар