Ресей Украина энергожүйесіне ауқымды зымыран соққысын жасады

Ресей Украина энергожүйесіне жойқын зымыран соққысын жасады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Украина ақпарат құралдарының мәліметінше, шабуыл 13 желтоқсанға қараған түні басталған. Ресейдің Мурманск облысындағы «Оленья» авиабазасынан Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары әуеге көтеріліп, Украинаға қарай 93 зымыран ұшырған.
Зеленскийдің айтуынша, Украина әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі 81 зымыранды атып түсірген. Оның ішінде 11 зымыран F-16 жойғыш ұшақтарының көмегімен жойылған. Сондай-ақ Ресей шабуыл барысында 200-ге жуық дрон қолданған.
«Шабуыл нәтижесінде Тернополь облысының тұрғындары жарықсыз қалды. Сонымен қатар, Украинаның оңтүстік аймақтарында алдын ала электр қуатын сөндіру жұмыстары жүргізілді», – деді Зеленский.
Ресей бұл шабуылда «Кинжал» гипердыбыстық авиациялық кешенін және «Калибр» қанатты зымырандарын пайдаланған. The Guardian басылымының мәліметінше, Кремльдің бұл әрекеті Украинаға қыс айларында ауыр жағдай туғызуды көздейді.
Украинаның энергетика министрі Герман Галущенконың айтуынша, шабуылдың салдары ауыр және елдің энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіру ұзақ уақытты қажет етеді.
Соңғы жаңалықтар





