Республикандық партияның Ресейге деген махаббаты: неге және қалай?

Республикандық партияның Ресейге деген махаббаты: неге және қалай?
15.04.2025 09:37
0
202
The New York Times
The New York Times Magazine зерттеуі бойынша, Республикандық партия соңғы жылдары Ресейге деген көзқарасын радикалды түрде өзгертті

АҚШ-тағы республикалық партияның Ресейге деген көзқарасы не себепті түбегейлі өзгерді? Бұл сұраққа The New York Times терең талдау жасап отыр. Талдауға сәйкес, қазіргі Америка әкімшілігі Ресейге қатысты ондаған жыл бойы қалыптасқан ұстанымнан мүлде бас тартқан, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бұрындары Мәскеу АҚШ-тың идеологиялық қарсыласы, «зұлымдықтың ошағы» деп танылып келген. Бірақ Дональд Трамп билікке қайта оралған соң, бұл риторика түбегейлі өзгерді. Трамп Ресейді бұрынғы қарсылас емес, «рухтас одақтас» ретінде сипаттап, Владимир Путинмен тығыз қарым-қатынасты қолдап келеді.

Осы идеологиялық өзгерістің тамыры сонау 1990 жылдардан бастау алады. Ол кезеңде америкалық консерваторлар Ресейдегі демографиялық құлдырау мен «дәстүрлі отбасылық құндылықтардың» әлсіреуіне алаңдап, орыс зерттеушілерімен ынтымақтастық орнатқан болатын. Бұл бастамалар кейіннен халықаралық консервативтік қозғалыстар мен ұйымдардың құрылуына себеп болды. Оның ішінде АҚШ-тағы Патрик Бьюкенен секілді ықпалды тұлғалар Путинді «дәстүршіл әлемнің көшбасшысы» ретінде мадақтай бастады.

Ресейде Путиннің билігі күшейіп, ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салынғаннан кейін, бұл риторика америкалық оңшылдар үшін үлгі ретінде қабылданды. Бұл риториканы әсіресе FOX News комментаторы Такер Карлсон мен вице-президент Джей Ди Вэнс қолдайды. Олар Ресейдің дәстүрлі құндылықтарды қорғаудағы рөлін жоғары бағалап, Батыстың либералдық бағытын сынға алады.

Журналистік зерттеуде айтылғандай, қазіргі АҚШ әкімшілігі Ресеймен тығыз байланысты ұстану арқылы Қытайға қарсы геосаяси стратегияны да іске асыруды көздейді. Яғни, Вашингтон Мәскеуді Бейжіңнің ықпалынан алыстатуға мүдделі. Бұл саясат «кері Киссинджер» стратегиясы деп аталды.

Алайда, бұл бағыт АҚШ халқының пікірімен үндеспейді. Соңғы сауалнамаларға сәйкес, америкалықтардың басым бөлігі Путинге теріс көзқараста. Сондай-ақ, олар Трамптың Украинаға қатысты саясатын қолдамайды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл идеологиялық бетбұрыс Республикалық партия ішіндегі шағын, бірақ ықпалды топтың ықпалынан туындаған. Олар партияның бағытын өзгертті, әрі дәстүрлі америкалық сыртқы саясаттан алыстатып жіберді.

Путиннің идеологиялық стратегиясы — Батыстағы оңшылдармен тіл табысу арқылы АҚШ-тың ішкі тұрақтылығына ықпал ету. Ресейдің риторикасы америкалық консерваторлар арасында резонанс тудырып, олардың көзқарасын өзгертуге әсер етті.

Мақала қорытындысында АҚШ пен Ресей арасындағы бұл жаңа идеологиялық жақындасу — бұрынғыдай геосаяси мүдделер емес, ішкі мәдени және идеологиялық сәйкестікке негізделгені айтылған. Бірақ бұл жолдың Америка халқы үшін қаншалықты тиімді болатыны — үлкен сұрақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий