Руслан Тай: Бес жыл бойы "әдемі" өлудің жолын іздедім

27.07.2026 16:20 Томирис САҒЫНДЫҚ
Руслан Тай: Бес жыл бойы
60
Фото: видеодан скриншот

Танымал әзілкеш Руслан Тай терең депрессияға түсіп, өз өміріне балта шаппақ болған ауыр күндерін еске алды. Өнер иесінің айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы болашағын қай саламен байланыстырарын білмей, тығырыққа тірелген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Отец» деген подкастта айтты.

«Өнерімді аздап болса да әрі қарай дамытуға тырысқан едім, бойымдағы сол бір ұшқын қайта ояна бастады. Ал бұған дейін қолда бардың бәрін тәрк етіп: «Жоқ, қаржыгер боламын» деп шешкен едім. Бірақ іштей ол жолды да қаламадым. Ол кезде ойымда тек бір ғана мақсат болды: ішкі жан азабым азайып, жақындарыма да қаржылай салмақ түсірмейтіндей етіп бұл өмірден біртүрлі жеңіл әрі «әдемі» кетсем екен дедім. Өмірімді осылай аяқтау — бес жыл бойы көкейімде жүрген басты жоспарым еді. Күн сайын, әрбір таңымда тек осыны ойлайтынмын. Телефонымда қару-жарақтың сан түрі бар қосымша болатын. Күнде соны ашып: «Бүгін револьверді таңдайын» деп, дыбысын шығарып отыратынмын. Бұл — менің ең сүйікті ермегіме айналған еді. Кейде үйдің төбесіне шығып алып: «Шіркін-ай, егер...» деп ойға бататынмын. Бойымда ешқандай үміт қалмағандай, мына өмірден шығар жол таппай, тұңғиық депрессияға баттым. Болашақта «кім боламын» деген мақсат мүлдем болған жоқ. Ішімді бостық пен бейжайлық қана билеп алды», — деп еске алды Руслан Тай.

Сонымен қатар ол жақындары тарапынан өзіне ешқандай қысым жасалмағанын жеткізді. Керісінше, өзін өзгелермен үздіксіз салыстыру арқылы тек өзін-өзі іштей жегідей жеп, жан азабына салғанын жасырмады.

«Кейін түсінгенімдей, маған әкем ешқашан қысым көрсетпеген екен. Мен бұл кедергілерді өз ойымнан ойлап тауып, өзімді-өзім жегідей жеп, өзіме-өзім қысым жасаппын. Ал әкем болса, өз өмірін сүріп, мансабын құрды, отбасы үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Ол нағыз азамат қой! Ол тіпті маған: «Енді өзің есейдің, өз күніңді өзің көр» деп бетімді қайтарса да хақы бар еді. Бірақ мен іштей өз-өзімді мүжіп, түкке алғысыз сезінетінмін. Бес жыл бойы әр таң сайын орнымнан тұрып, темекімді шегіп, кофемді ішіп алған соң, қабырғаға сүйеніп тұрып: «Түкке тұрғысыз бейшарасың» деп өзімді сөгетінмін», — деді Руслан Тай.

Артынша ол тығырықтан шығып, өмірінің оң бағытқа бұрылуына сүйікті жары мен сәбиінің орасан зор ықпалы болғанын атап өтті.

«Кейін өміріме жарым енгеннен соң бәрі өзгере бастады. Алматыда жүріп стендаппен айналыса бастадым. Шаңырақ көтерген соң Ақтөбеге көштік. Сол жақта тұңғышымыз дүниеге келді. Атамыз оның есімін Сабыр деп қойды. Бұл есім оның болмысына толықтай сай келді және ең бастысы — бізге де шын мәнінде сабырлық сыйлады. Біз бойымыздағы мазасыздықты жеңіп, іштей тынышталдық. Ұлым дүниеге келгеннен кейін, жауапкершілік пайда болып, басымды шырмаған әлгі ауыр ойлардың, револьвер туралы елестердің бәрі келмеске кетті», — деді Руслан Тай.

Войдите, чтобы оставить комментарий