"Сағатына 90 шақырым жылдамдық": Алматыда самокат мінген ер адам мерт болды
Алматыда 54 жастағы ер адам электросамокатпен сағатына 90 шақырым жылдамдықпен қозғалып, көлікті басып озбақ болған кезде басқаруға ие бола алмай, мерт болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқыс оқиға Шығыс айналма автомобиль жолында (ВОАД) орын алған. Жол бойындағы бейнебақылау камералары мен көліктердің бейнетіркегіштеріне қайғылы сәттің соңғы секундтары жазылып қалған. Кадрлардан ер адамның үлкен жылдамдықпен асфальтке құлағанын көруге болады. Қатты соққының екпінінен оның басындағы қорғаныш дулығасы (шлем) ұшып кеткен.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы 54 жастағы ер адамды аман алып қала алмады, ол алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы қаласында электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 96 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Тәртіп сақшылары тұрғындарға жол жүру ережелерін және жылдамдық режимін қатаң сақтауды ескертеді.
Соңғы жаңалықтар