Санжар Боқаев екі айға қамалды
Алматы қаласының тергеу соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялап, оны екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы адвокат Диас Ахметов журналист Вадим Борейконың мәліметіне сілтеме жасап хабарлады. Қорғаушының айтуынша, Боқаевтың жақын туыстары кепілгер болуға ниет білдіргенімен, сот бұл ұсынысты қанағаттандырмаған.
Сот шешімінен кейін Санжар Боқаев Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеу изоляторына қамалды.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура қоғам белсендісінің Алматыда ұсталғанын ресми түрде растаған болатын. Тергеу органдарының мәліметінше, ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
Сонымен қатар, Боқаевқа заңсыз ағаш кесуді ұйымдастырды, яғни адамдарға ақша төлеп, заңсыз әрекеттер жасатып, кейін оны видеоға түсіріп, контент ретінде пайдаланған деген айып тағылып отыр.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар