Сарыөзек гарнизонында қатардағы жауынгер қаза тапты

Сарыөзек гарнизонында қатардағы жауынгер оқ жарақатынан қаза тапты. Қайғылы жағдай 14 қаңтарда болған. Құрлық әскерлері баспасөз қызметі өкілдері оқиғаның мән-жайын айтты.
Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14 қаңтарда жауынгерлік дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу кезінде қарумен жұмыс істеу ережесін бұзу салдарынан мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Қ. оқ жарақатынан қаза тапты.
"Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - дейді олар.
Сондай-ақ ведомстводағылар оқиға орнында Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
"Қызмет барысында сарбаз өзін тек оң жағынан көрсетті. Әскери бөлім қолбасшылығына қандайда бір арыз, шағым айтқан емес. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындады. Ата-ана мен туған-туысқандардың қайғысын, әрине жақсы түсінеміз, олардың қайғыларына ортақпыз. Әр командир үшін де жауынгердің қазасы – қайғы", - делінген ресми хабарламада.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілетіні айтылды.
Соңғы жаңалықтар





