Сәтбаевта Кеншілер күніне орай өткен концертке 25 мың адам жиналды

31.08.2026 11:45 Қарақат АСЫЛОВА
Сәтбаевта Кеншілер күніне орай өткен концертке 25 мың адам жиналды
152
Фото: KAZAKHMYS

Сәтбаев қаласының орталық алаңында Кеншілер мен байытушылар күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтіп, оған 25 мыңға жуық тұрғын мен қонақ жиналды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тарихы тау-кен саласымен біте қайнасқан қала үшін бұл күн көпшілікті біріктіретін дәстүрлі мерекеге айналған. Орталық алаңда бас қосқан бірнеше буын кеншілері мен олардың отбасылары кәсіби мерекені бірге атап өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында Мирас Жүгінісов, Маржан Арапбаева, Мақпал Исабекова, Мархаба Сәби, сондай-ақ Президенттік оркестрдің солистері Еркебұлан мен Бауыржан өнер көрсетті.

Көрермендер сахнаға шыққан «МузАрт» тобын ерекше ықыласпен қарсы алды.

«Бүгін Сәтбаев тұрғындарымен бірге болу – біз үшін үлкен мәртебе. Барша кеншілерге зор денсаулық, амандық және ең бастысы, қауіпсіз еңбек тілейміз. Әрдайым үйлеріңізде жақындарыңыз күтіп отырсын», – деді «МузАрт» тобының өнерпаздары.

Мерекелік кешті танымал әнші Қайрат Нұртас жалғастырып, орталық алаңға жиналған қауымға сүйікті әндерін орындап берді.

Концерттік бағдарламаны A’Studio тобы түйіндеді. Музыканттар қала тұрғындарына танымал туындыларын ұсынып, оларды кәсіби мерекемен құттықтады.

«Бұл жерде ерекше мерекелік көңіл күй сезіледі. Мыңдаған адам бір мерекеде бас қосып отыр. Әрбір кенші мен байытушының шаңырағында бейбітшілік, денсаулық пен молшылық орнасын!», – деді A’Studio тобының музыканттары.

Бірнеше сағатқа созылған мерекелік гала-концерт салтанатты отшашумен аяқталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий