Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі қызметінде қалды

03.09.2026 13:48 Қарақат АСЫЛОВА
Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі қызметінде қалды
185
Фото: gov.kz

Саясат Нұрбек Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына қайта тағайындалып, өз орнын сақтап қалды. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа 3 қыркүйекте қол қойғанын Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Бұл шешім қабылданбас бұрын министрдің кандидатурасын Құрылтай қарады. Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің отырысында депутаттар Саясат Нұрбекті қызметке бекітуге келісім берген.

Заңнамалық тұрғыда бұл рәсім «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сай өтті. Комитет жиынының қорытындысы бойынша оң шешім шығарылды.

Саясат Нұрбек бұл министрлікті 2022 жылдың маусымынан бері басқарып келеді. Ол бұған дейін 2023 жылдың сәуірінде және 2024 жылдың ақпанында осы лауазымға қайта тағайындалған болатын.

Саясат Нұрбек кім?

Ведомство басшысы 1981 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Ол АҚШ-тағы Маршаллтаун колледжін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Италиядағы La Sapienza университетін тәмамдаған. Оған қоса АҚШ, Сингапур, Бельгия, Жапония және Голландияда тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырған.

Еңбек жолын 2002 жылы жастар саясатын іске асыру бағытынан бастады. 2006–2009 жылдары «Қазына» тұрақты даму қорында және Президент Әкімшілігінің кадр саясаты секторында жұмыс істеді.

Осы жылдар аралығында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында вице-реектор болды. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорында басқарушы қызметтер атқарды.

2009 жылы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебіне директор болды. Ал 2010–2013 жылдары Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті қызметін атқарды.

Одан кейін 2013–2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтына жетекшілік етті. Одан бөлек Алматы қаласы әкімдігінде ішкі саясат басқармасын басқарды.

2016 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры міндетіне кірісті. 2019–2022 жылдары BTS Education компаниясын басқарып, Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы жобасына жетекшілік етті.

Саясат Нұрбек үкіметке келмес бұрын, яғни 2022 жылдың ақпанынан маусымына дейін Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Ол сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және National Geographic Kazakhstan басылымының ізгі елшіcі ретінде де танымал.

Войдите, чтобы оставить комментарий