Семейде 19 жастағы қызды інісінің көзінше пышақтап кетті

23.09.2026 08:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Семейде 19 жастағы қызды інісінің көзінше пышақтап кетті
504
Семейде қаза тапқан студент

Семейде көшеде пышақталған 19 жастағы Дильяра Сәлімбаева оқиға орнында қайтыс болды. Полиция 24 жастағы күдіктіні ұстады. Оның марқұмның бұрынғы жігіті екені айтылып жатыр, ал полиция әзірге екеуінің таныс болғанын ғана растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қыздың әпкесі сіңлісінің жігітке бас тартқаны үшін өлтірілгенін жазды. Оның әлеуметтік желідегі мәлімдеуінше, бұл оқиғаға бірнеше адам қатысқан, ал отбасынан үндемей, істі жария етпеуді сұрап жатыр.

Әпкесінің сөзінше, жігіт Дильяраның соңынан қалмай, басқа адамдар арқылы оны далаға шақыртқан. Кейін шамамен сағат 18:30-да туған інісінің көзінше бірнеше жерінен пышақтаған.

«Біз үндемей қалғымыз келмейді. Оқиғаның мән-жайы анықталып, кінәлілердің жауапқа тартылғанын қалаймыз», деп жазды марқұмның әпкесі.

Ол күдіктінің оқиғадан кейін полицияға өзі берілгенін айтып, осыған байланысты жазасы жеңілдеп, өмір бойына бас бостандығынан айырылмай қалуы мүмкін деп алаңдайды.

Полиция әзірге 24 жастағы күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Айтуынша, күдікті аудан тұрғыны, алдын ала мәлімет бойынша марқұммен таныс болған. Оның Дильяраның бұрынғы жігіті екені айтылғанымен, полиция бұл жайтты нақтыламаған.

Куәгерлер ұрыс-керіс пен қыздың айғайын естіп, кейін оның жерде жатқанын көргенін айтты. Қызға жүрек массажы жасалған. Ал тағы бір куәгерден бір бала көмек сұрап келген, ол сыртқа шыққанда жараланған қызға басқа бір қыз көмектесіп жатқанын көрген. Оқиға орнына екі жедел жәрдем жеткенімен, Дильяра көз жұмды.

Күдікті көмек көрсетпей қашып, үйдің қоршауынан секіргенде пышағын түсіріп алған деген мәлімет те бар.

Марқұм жергілікті колледждің үшінші курсында жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығын оқыған. Ұстаздарының айтуынша, тәрбиелі, үздік студент болған, суреті оқу орнының мақтаныш тақтасында тұр. Қаза болған күні таңертең сабаққа қатысқан.

Дильяра нағашы апасының қолында тұрған. Қаралы хабардан кейін ата-анасы Көкпектіден келген.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Дильяра Көкпекті ауданында жерленеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий