Семейде құрылыстан табылған сүйек жоғалған күзетшінікі болуы мүмкін
Семейде бұрынғы стадион орнындағы құрылыс алаңынан адам қаңқалары табылып, осыдан 8 жыл бұрын із-түзсіз кеткен азаматтың туыстары сүйектерге ДНҚ сараптамасын жасауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтемемен.
Айдын Нүриденұлы есімді тұрғын 8 жыл бұрын өзі күзетші болып жұмыс істейтін «Пищевик» стадионындағы кезекшілігінен үйіне оралмай жоғалып кеткен. Енді дәл осы аумақта Жекпе-жек сарайының іргетасын қазу кезінде құрылысшылар адам сүйектерін тауып алып, бұл жаңалық отбасының күдігін оятты. Қазіргі уақытта жақындары марқұмның кім екенін анықтау үшін құзырлы органдардан көмек сұрап отыр.
«Сол жерден сүйек табылды дегеннен кейін, жоғалған жерінен сондай күдік болды. Бағана барып келді. Таңғы сегіз жарымға шақырған еді. «Сүйектер сарғайып кеткен» депті. «Болуы мүмкін емес деп айтты» дейді. Сонда да, сараптаманы тосамыз, бір-екі айда хабарласыңыздар деп айтты», – деді марқұмның қызы Меруерт Нүриденова.
Қазіргі кезде жаңа спорт нысанының құрылысы белгісіз мерзімге тоқтатылып, қақпасы жабылды. Құзырлы органдар табылған қаңқалардың қанша уақыт бұрын жерленгенін және туыстық қатынастың бар-жоғын анықтау үшін тиісті зерттеу жұмыстарын бастады.
«Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері барып, табылған сүйектер олардың шығу тегі мен жерленген уақытын анықтау үшін сараптамаға жіберілді», – деді Семей қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Саят Сартов.
Жергілікті билік өкілдері құрылыс басталмас бұрын нысанның барлық құжаттары мақұлданғанын және ол жерде ескі зират бар екені туралы ешқандай мәлімет болмағанын алға тартуда.
«Жекпе-жек сарайының құрылысын салу үшін жер телімін рәсімдеу барысында аталған аумақта тіркелген жерлеу орындары анықталған жоқ. Адам сүйектері табылғаннан кейін құқық қорғау органдары шақырылды және алдын ала мәлімет бойынша бұл өте ескі қаңқалар болуы мүмкін», – деді Абай облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мереке Мырамытов.
Соңғы жаңалықтар