"Шашын жұлып, саусақтарын сындырған": Қарағандыда ер адам медбикені соққыға жықты

18.07.2025 09:33
0
330
Сурет: Бейнеден кадр

Медбикенінің миы шайқалып, сүйектері сынған

Қарағандыдағы жекеменшік маммологиялық орталықта болған оқиға елдің төбе шашын тік тұрғызды. Әйелі мен балаларымен келген ер адам қызметтік бөлмеге кіре алмағанына ашуланып, есікті жұлып тастап, медбикеге жабылған. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам шамамен 20 минут бойы әйелді ұрып-соғып, аяусыз жәбірлеген. Медбикенің шашын жұлып, тістеп жаралаған, тіпті саусақтарын сындырып жіберген. Жәбірленуші ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның миы шайқалып, сүйектері сынғанын растады.

Қарағанды облыстық полиция департаменті 42 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Ол клиникаға жұбайымен бірге келіп, белгісіз себеппен қызметтік бөлменің есігін сындырып, медициналық қызметкерге дене жарақатын салған. Тергеу ісі полиция басшылығының ерекше бақылауында», – делінген ресми мәлімдемеде.

Қазіргі уақытта ер адам психоневрологиялық диспансерге жатқызылған. Оның туыстары жәбірленушіден кешірім сұрап, шағымын қайтарып алуын өтініп жатыр. Олардың айтуынша, күдікті жақсы күйеу әрі үш баланың әкесі.

Бұл бір тәулікте тіркелген медицина қызметкеріне қарсы екінші шабуыл. Бұған дейін Қостанайда урология бөлімінің жас дәрігері де соққыға жығылған болатын.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осы оқиғаларға байланысты үндеу жасап, дәрігерлерге күш көрсетуді тоқтатуға шақырды. 

Бейбіт заманда дәрігерге қол көтеру барып тұрған жабайылық. Бұл жағдай медицина қызметкерлерінің беделі мен қауіпсіздігіне қатысты түйткілді мәселелерді қайта қозғап отыр.

Дереккөз: Politico.kz

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий