Шексіз скроллинг пен «мидың шіруі» синдромы: қысқа видеолар адам санасын қалай өзгертіп жатыр
Қазіргі цифрлық дәуірде әлеуметтік желілердегі шексіз скроллинг адамдардың ақпарат қабылдау қабілетін төмендетіп, түрлі психологиялық синдромдарға әкеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда әрбір қысқа видео мида қуаныш гормоны саналатын дофаминнің бөлінуін күшейтіп, адамды лентаны қайта-қайта жаңартуға мәжбүрлейді. Осы құбылыстың кең таралғаны соншалық 2024 жылы Оксфорд сөздігі ақпаратты шамадан тыс тұтыну салдарынан ойлау қабілетінің әлсіреуін сипаттайтын «Brain rot» немесе «мидың шіруі» тіркесін жыл сөзі деп таныды.
Бұған қоса ғылыми еңбектер қысқа бейнесабақтарды көрген студенттер ақпараттың небәрі 40 пайызын ғана есте сақтаса, ұзақ видео тамашалағандардың көрсеткіші 65 пайызға жететінін дәлелдеп отыр. Психологтар бұл үрдісті «клиптік ойлау» деп атайды және қазіргі жастардың ақпаратты тұтас оқиға ретінде емес, бөлшектеп қабылдауға бейім екенін алға тартады.
«Адамнан не көргенін сұрағанда ол нақты оқиғаны емес, тек сот залындағы куәгерлер секілді қызыл күртеше немесе қатты дыбыс сияқты үзік естеліктерді ғана айтады», – деді ҚазҰУ докторанты әрі психолог Қазбек Ахметов.
Мамандар қысқа видеолар Альцгеймер ауруына әкеледі деген тұжырымды жоққа шығарғанымен, гаджетке телміруден туындайтын ұйқысыздық пен стресс мидың ресурсын айтарлықтай әлсірететінін ескертеді. Психологтың мәліметіне сүйенсек, бүгінде балалардың шамамен 90 пайызында гаджетке тәуелділік белгілері бар, сол себепті үш жасқа дейінгі сәбилерге жылдам ауысатын кадрлары бар мультфильмдерді көрсетуге мүлдем болмайды.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Ұлттық құрылтайда халықаралық тәжірибеге сүйеніп, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қою мәселесін көтерген болатын. Дегенмен психиатрлар мұны тек тыйыммен шешу мүмкін еместігін айтады.
«Балаға тыйым салудан гөрі түсіндіру маңызды, ол өзіне қажет ақпаратты сырттан емес, ең алдымен ата-анасынан алуы тиіс», – деді Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахманшеев.
Скроллингке құмарлық әлем бойынша кітап оқу мәдениетіне де кері әсерін тигізіп жатыр. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әйгерім Абдрашитова Ұлыбританияда бос уақытында кітап оқитын 8–18 жас аралығындағы балалардың үлесі 32.7 пайыз болса, күн сайын оқитындардың қатары 18.7 пайызға түсіп, соңғы жиырма жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткенін атап өтті. Ал Қазақстандық қоғамдық даму институтының дерегіне қарағанда, елімізде сауалнамаға қатысқандардың 51.2 пайызы соңғы бір жылда бірде-бір кітап оқымаған, 29 пайызы 1–3 кітаппен шектелсе, тек 19.2 пайызы ғана 4 және одан да көп шығарманы парақтаған.
Дегенмен сарапшы цифрлық дәуір оқу мәдениетін толық жоймай, жаңа форматқа бейімдегенін алға тартты. HarperCollins зерттеуі бойынша 14–17 жас аралығындағы жасөспірімдердің кітап туралы BookTok арқылы білуі 2025 жылы 27 пайызға, ал YouTube арқылы ақпарат алуы 30 пайызға дейін өскен.
«Цифрлық ортада өскен буын бір мезетте музыка тыңдап, әлеуметтік желіні қолдана отырып көп тапсырманы қатар алып жүре алады, сондықтан тек тайм-менеджментке мән беру қажет», – деді ҚСЗИ сарапшысы Әйгерім Абдрашитова.
Соңғы жаңалықтар