Астана маңындағы жол апатында екі аяғынан айырылған студент: Арыс әкімінің ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Астана маңында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 21 жастағы студент Талғат екі аяғынан айырылған болатын. Көлікті Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы басқарған. Аталған факті бойынша қозғалған қылмыстық іс рақымшылық актісіне ілігіп, жабылды, деп хабарлайды Politico.kz NewTimes-қа сілтеп.
Қайғылы оқиға 2026 жылдың 29 мамырында «Астана – Павлодар» тас жолында болған. Жеңіл көлік темір қоршауға соғылып, қоршау көлік салонын тесіп өткен. Ауыр жарақат алған студенттің екі аяғын кесуге тура келді.
Екібастұз қаласының полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігі (Адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу) бойынша іс қозғаған. Алайда 16 қыркүйекте ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына (рақымшылық актісі негізінде) сәйкес тергеу тоқтатылды.
Зардап шегушінің әпкесі Гүлсімнің айтуынша, қазіргі уақытта Талғат үйінде, жағдайы тұрақты. Алайда алдағы уақытта оған жамбас сүйегі мен құйымшағын қалпына келтіру үшін күрделі жоспарлы ота жасалмақ. Жәбірленуші тарап шілде айының басынан бері кінәлі жүргізушінің отбасы ешқандай көмек көрсетпегенін және жағдайды сұрап хабарласпағанын мәлімдеді.
— Үйқамақ мерзімін ұзарту бойынша өткен сот отырысында кінәлі тарап кешірім сұраудан бас тартты. Шілде айынан бері олар бізбен байланысқа шыққан жоқ. Отбасы бұл жағдайдан алшақтап, көмектесуді тоқтатты деп ойлаймыз. Олар біздің ата-анамызға немесе басқа туыстарымызға хабарласып, тым болмағанда Талғаттың жағдайын біле алар еді, бірақ оларға бәрібір екенін көріп отырмыз, — деді Гүлсім.
Бұған дейін Арыс әкімі Қайсар Маңқараев көлікті ұлы басқарғанын растап, өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, тергеуге ықпал етпейтінін айтқан болатын. Ол «заң барлығына, соның ішінде менің отбасыма да ортақ» деп мәлімдеген еді.
Дегенмен, іс сотқа жетпеді. Жәбірленушінің туыстары бұған дейін әкімнің ұлы бір жыл ішінде жол жүру ережесін бұзғаны үшін 29 рет жауапкершілікке тартылғанын алға тартып, істің әділ өтуіне күмән келтірген болатын. Апаттан кейін ол үйқамаққа алынған еді.
Соңғы жаңалықтар