Балымбетов: Жәрдемақы алу үшін өтірік ажырасатын отбасылар көп

22.09.2026 21:12 Томирис САҒЫНДЫҚ
Балымбетов: Жәрдемақы алу үшін өтірік ажырасатын отбасылар көп
144
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда некенің бұзылуына әлеуметтік төлемдерді алу мақсатындағы жалған ажырасулар мен тұрмыстық міндеттердің тең бөлінбеуі айтарлықтай әсер етіп отыр. Танымал тележүргізуші Тимур Балымбетов еліміздегі отбасы институтының қазіргі жағдайы, ажырасулардың басты себептері мен әлеуметтік факторлары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы продюсер «Отец» подкастында әңгімеледі.

Ресми статистикалық деректердің артында жасырын әлеуметтік мәселелер жатыр. Маманның айтуынша, кейбір өңірлерде тұрғындар мемлекеттік жәрдемақыға қол жеткізу үшін некені заңды түрде бұзуға бейімделген.

«Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне қатысты сұрақтар бар. Қазақстанда ажырасулар саны бойынша бірінші орында тұрған өңір бар. Онда өндіріс немесе бизнес жүргізетін кәсіпкерлердің айтуынша, жұмысшыларды жұмысқа алу өте қиын. Себебі тұрғындар жәрдемақы алу үшін және азырақ жұмыс істеу мақсатында әдейі ажырасады. Бұл — жалғыз-жарым оқиға емес, көптеген отбасыларда қалыпты тәжірибеге айналған. Ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасқанымен, бірге тұруды жалғастырады және балаларға немесе жалғызбасты аналарға берілетін төлемақыларды алады», — деді Тимур Балымбетов.

Сонымен бірге, отбасылық келіспеушіліктер тек қаржылық тығырықтан туындамайды. Ажырасу көрсеткішінің артуына қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі мен өзара түсіністіктің азаюы да тікелей ықпал етеді.

«Жалпы алғанда, қазіргі буынның отбасылық құндылықтары мен қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгерген. Бір жағынан, қарым-қатынасты сақтап қалуға және қалпына келтіруге тырысатындар бар болса, екінші жағынан, қате түсінікпен өмір сүретіндер де аз емес. Ажырасуға тек қаржылық жағдай немесе қаражаттың жетіспеушілігі әсер етпейді. Маңызды мәселелердің бірі — өзара сыйластық пен түсіністіктің жоқтығы. Көптеген адамдар өз кемшіліктерін мойындап, өзін түзетудің орнына өзгелерді айыптауға бейім», — деді Тимур Балымбетов.

Бұдан бөлек, қазіргі отбасылардағы гендерлік рөлдер мен тұрмыстық міндеттерді қайта қарау қажеттілігі де күн тәртібінде тұр. Әйелдердің экономикалық белсенділігі артқанымен, тұрмыстық жүктеме әлі де тең бөлінбей келеді.

«Сонымен қатар, қазіргі қоғамда отбасылық міндеттерді бөлісу мәселесі де бар. Әйелдер қаржы табу жауапкершілігін өз мойнына алғанымен, үй шаруасы мен тұрмыстық жүктеме тең бөлінбейді. Ерлі-зайыптылар жұмыстан бірге оралғанымен, тұрмыстық ауыртпалық негізінен әйелге түседі. Бұл да отбасындағы келіспеушіліктерге әкелетін басты факторлардың бірі болып табылады», — деді Тимур Балымбетов.

Войдите, чтобы оставить комментарий