"Шетелде оқып, елге пайда әкелу керек" – Тоқаев жастарға үн қатты
Жастардың шетелге білім алу және тәжірибе жинау мақсатында баруы – қазіргі заманның заңды құбылысы, деп есептейді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл туралы ол «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Президент шетелдік білім беру және кәсіби мобильділік бағдарламаларына ерекше көңіл бөлді. Оның айтуынша, мұндай тәжірибелер жастардың дүниетанымын кеңейтіп, жаңа технологиялар мен білімді меңгеруіне мүмкіндік береді.
"Шетелде білім алған жастарымыз елге қайтып келіп, өз тәжірибесін Қазақстанның дамуына жұмсауы тиіс. Бізде кәсіби мамандарға сұраныс жоғары. Мемлекеттің міндеті – олардың Отанында өз әлеуетін іске асыруына жағдай жасау", – деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев шетелге кеткен жастардың қазақ мәдениеті мен дәстүрін насихаттауының маңыздылығын атап өтті.
"Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуда әрбір азаматымыздың рөлі ерекше", – деп қосты ол.
Президент жастарды өз қабілетін барынша дамытуға, шетелде де, өз елінде де белсенді болуға шақырды.