Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі бұрынғыдан да арта түсті
Қазақстан «Safest Countries for Investors 2026» халықаралық рейтингінде 70-орыннан 53-орынға бірден көтеріліп, Орталық Азия өңірінде көш бастады, деп хабарлайды Politico.kz порталы POVestka телеграм арнасына сілтемемен.
Investing.com аналитиктерінің пайымдауынша, жаһандық дағдарыстар мен жеткізу шынжырларының қайта құрылуы жағдайында инвесторлар үшін арзан жұмыс күші мен салықтық жеңілдіктердің маңызы төмендеп, мемлекеттік институттардың сапасы мен экономикалық саясаттың тұрақтылығы басты орынға шықты. Сенім жаңа экономикалық капиталға айналып, ол қаржыландыру тарту құнына, ірі жобаларды іске қосу мерзіміне және инвестициялық тәуекелдерге тікелей әсер етеді. Осы орайда Қазақстан Сауд Арабиясы, Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктері сияқты жаңа жағдайда сенімді бәсекелесе алатын мемлекеттердің қатарынан көрінді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 9,6 пайызға өсіп, $20 млрд-тан асты, ал жеке инвестициялар 21 пайыздан астамға артты. Сонымен бірге халықаралық қаржы институттары да елдің болашағын жоғары бағалап отыр. Халықаралық валюта қоры 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,6 пайызды құрайды деп болжаса, Дүниежүзілік банк бұл тұрақты динамиканың алдағы жылдары да сақталатынын хабарлайды.
Оған қоса елімізде шикізаттық емес секторлар белсенді дамып, экономиканы диверсификациялау процесі қарқын алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 6,5 пайызды құраса, оған басты үлесті өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік пен сауда қосты. Ал 2026 жылдың қаңтар мен маусым айлары аралығында экономика өсімі 4,1 пайызды құрап, құрылыс саласы 15 пайызға артты. Қазіргі таңда капиталдың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, құрылысқа, көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығы мен ақпараттық-коммуникациялық салаға бағытталуда.
Соңғы жаңалықтар