Швейцариялық алпауыт компания Қазақмыстың мысын алу үшін қыруар қаржы бөлмекші

18.03.2026 14:11 Арман Ермеков
Швейцариялық алпауыт компания Қазақмыстың мысын алу үшін қыруар қаржы бөлмекші
44
Коллаж Politico.kz

Қаржы сарапшысы Руслан Сұлтанов өзінің Telegram-арнасында швейцариялық Mercuria Energy Group Ltd компаниясының қазақстандық Kazakhmys кәсіпорнына төрт жылдық келісім аясында 1,2 миллиард доллар инвестиция салғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Серіктестік аясында Қазақстанда қос компанияның бірлескен кеңсесін ашу жоспарланған. Бұл құрылым жергілікті мамандарды тәуекелдерді басқару мен шикізат саудасы бойынша халықаралық озық тәжірибеге оқытумен айналысады. Оған қоса өндірістік процестерге жаңа технологиялық шешімдерді енгізіп, ресурстарды қайта өңдеу тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Минералды базаны пайдалануды жақсарту мақсатында қалдықтарды, үйінділерді және құрамында металы аз кендерді қайта өңдеу технологияларын дамытуға ерекше назар аударылмақ.

Жаңа келісім Kazakhmys үшін жеткізу процесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өндірісті жаңғыртуға жол ашады. Ал Қазақстан экономикасы үшін тау-кен саласындағы жұмыс орындарын сақтауға, мамандардың біліктілігін көтеруге және экспорттық әлеуетті арттыруға үлкен ықпал етеді.

«Келісімшарт талаптарына сәйкес, алғашқы 4 жылда Mercuria жыл сайын шамамен 200 мың тонна мыс катодын сатып алу құқығына ие болады. Бұл экспорттық ағындардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өндірісті жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлемдік нарыққа жеткізу ашықтығын арттыру үшін бағалар халықаралық индекстерге байланады», – деп жазды сарапшы.

Айта кетейік, Mercuria Energy Group Ltd энергетика және шикізат тауарлары саласында жұмыс істейтін ірі жекеменшік швейцариялық трейдингтік компания болып саналады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий