Шымкентте 8 жасар қызға тиіскен 56-дағы ер адамға айыппұл салынды
Шымкент соты 8 жасар қызға сексуалдық сипатта тиіскен 56 жастағы ер адамға 50 АЕК (216 250 теңге) айыппұл салды. Сотталушының мүгедектігі мен заңдағы шектеулерге байланысты басқа жаза тағайындау мүмкін болмаған. Бұл туралы HALYQSTAN телеграм-арнасы мәлімдеді.
Оқиғаның 28 сәуір күні таңғы сағат 9 шамасында көпқабатты үйлердің бірінде болған. Кішкентай қыз жедел сатыға кірген кезде іште болған ер адам онымен бір қабатта шығып, денесіне қол тигізіп, күшпен ұстауға тырысқан. Сонымен қатар ол тәттілер ұсынып, қызды өзіне тартпақ болған. Қарсылық көрсеткен бала оның қолынан босап шығып, үйіне қашып үлгерген.
Оқиғадан кейін қыздың анасы полицияға шағым түсіріп, тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Сот барысында ер адамның кінәсі бейнебақылау камераларындағы жазбалармен және сот-психиатриялық сараптама қорытындысымен толық дәлелденді. Оған қылмыстық кодекстің «16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» бабы бойынша айып тағылды.
Аталған бапқа сәйкес түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, сондай-ақ қамауға алу жазасы қарастырылған. Алайда айыпталушының жұмыссыздығы мен 2-топтағы мүгедектігіне, оған қоса бұл бап бойынша қамауға алу шарасы 2027 жылға дейін тоқтатылғанына байланысты сот тек айыппұл кескен. Ер адамның шын жүректен өкінуі ескеріліп, қамауда отырған уақыты шегерілгеннен кейін төлем сомасы 216 250 теңгеден 147 мың теңгеге дейін азайтылды.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімі заңды күшіне енген жоқ және тараптар оған шағым түсіруге құқылы.
Соңғы жаңалықтар