Шымкентте тағы бір полиция басшысы пара алғаны үшін сотталды

22.07.2026 19:29 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте тағы бір полиция басшысы пара алғаны үшін сотталды
237
Фото: “Kozachkov offside” арнасынан

Шымкентте бұрынғы аудандық полиция басқармасының басшысы 15 млн теңге пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.

Шымкент қаласында аудандық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Батыр Мырзагелдиев пара алу ісі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот материалдарына сәйкес, экс-полиция қызметкері қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 15 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы алған. Айта кетейік, өткен жылдың соңында ұсталған кезде бұл істе 20 миллион теңге көлеміндегі пара туралы ақпарат жарияланған болатын. Алайда сот барысында дәлелденген сома 15 миллион теңге болып белгіленді.

Параны жеткізуге делдал болған А. Бекмұратов та кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ сот үкімімен Батыр Мырзагелдиев полиция полковнигі арнаулы атағынан айырылып, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, бұл – биыл Шымкентте сотталған екінші аудандық полиция басқармасының бұрынғы басшысы. Бұған дейін ақпан айында Тұран аудандық полиция басқармасының экс-басшысы Нұржан Тілеуов 6 миллион теңге пара алғаны үшін 6 жылға сотталған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий