Шымкенттегі қайғылы оқиға: Сегіз баланың анасын жалын жалмады

20.06.2026 12:08 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкенттегі қайғылы оқиға: Сегіз баланың анасын жалын жалмады
200
Видеодан кадр
Шымкентте үй өртеніп, сегіз баланың анасы көз жұмды

Шымкент қаласында жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан сегіз баланың анасы қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға кезінде ауыр күйік алған 39 жастағы Марал Боранбаева ауруханада көз жұмды.

Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы күнкөрісін үй ауласындағы шағын цехта көрпе мен матрас тігу арқылы қамтамасыз еткен. Куәгерлердің айтуынша, алдымен мақта тұтанып, артынша жалын бүкіл үйге тараған.

Марқұмның жұбайы Айдос Боранбаев әйелін құтқаруға тырысқанымен, тілсіз жаудың күші басым болғанын айтады.

– Жұбайымды құтқара алмадым. Оған жету үшін жалынның арасынан өтуге тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Әйелімнің денесінің 80 пайызын күйік шалған еді, – дейді ол.

Көршілерінің сөзінше, 17 жастағы ұлы анасын өртеніп жатқан үйден алып шыққан. Алайда жасөспірімнің өзі де күйік жарақатын алған. Отбасындағы қалған жеті бала дер кезінде сыртқа шығып үлгерген.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.

Өрттен кейін отбасы баспанасыз және табыс көзінсіз қалды. Марқұмның жұбайы да өрт кезінде аяғынан күйік алған. Қазіргі уақытта отбасыға көмек көрсету мәселесі қарастырылуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий