"Шынжырлап ұстап, аштан қатырған": Сегіз жасар баланың мәйіті мұздатқыштан табылды

23.09.2026 09:32 Мөлдір ҚАЙНАР
348
Фото: The Mirror

АҚШ-та отбасы тарапынан ұзақ уақыт бойы азаптау мен қорлық көрген 8 жасар баланың жансыз денесі мұздатқыштан табылды, деп хабарлайды Politico.kz The Mirror басылымына сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, жантүршігерлік қылмыс бойынша баланың ата-анасы мен әжесіне «адам өлтіру» және «азаптау» баптары бойынша айып тағылған. Олар баланы бір жыл бойы аш ұстап, жиһазға шынжырлап байлап, үнемі соққыға жығып келген. Туыстарының айтуынша, бұған дейін шамамен 90 келі салмақ тартқан балада тамақтану бұзылысы болған, сол себепті олар оның асын шектеп, әдейі ашықтырған. Ал көз жұмған сәтте баланың салмағы бар болғаны 29 келіге дейін құлдыраған.

Соттағы алдын ала тыңдау барысында отбасының танысы 2025 жылдың күзінде баланың кезекті соққыдан кейін құлап, басын қатты соғып алғанын айтты. Алайда ата-анасы жауапкершіліктен қорқып, полиция мен жедел жәрдем шақырмаған. Бала алған ауыр жарақаттарынан қайтыс болған соң, олар оның мәйітін тағамдық үлдірге (пленкаға) орап, мұздатқышқа тығып тастаған. Сондай-ақ отбасы танысынан денені жасыруға көмектесуін сұрамақ болған.

Куәгерлердің сөзінше, бала арықтап, шынжырға таңылған уақыт аралығында оны сырттан ешкім көрмеген. Егер олардың кінәсі толық дәлелденсе, айыпталушылардың әрқайсысы 32 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий