Сөз сүйектен өте ме, мандаттан өте ме?: Әкімнің сөзін бөлген депутаттың бағы сотта қайта жанды
Жамбыл облысында әкім Ербол Қарашөкеевтің сөзін бөліп, артынша мандатынан айырылған бұрынғы депутат Дамир Ташқараев сот ісін қайта қарауға қол жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін апелляциялық саты Amanat партиясының бұрынғы мүшесінің шағымын қанағаттандырмаған еді. Алайда кассациялық сот бұл шешімнің күшін жойып, істі жаңа судьялар құрамымен қайта қарауға жолдады. Заң бойынша бұл процесс 21 сәуірден бастап 2 ай ішінде, яғни 21 маусымға дейін аяқталуы тиіс.
«Кассациялық сот партияға қайта қабылдау бөлігін қанағаттандырмағанымен, істі қайта қарауға жіберді, сондықтан қаулыда талаптар ішінара қанағаттандырылды деп көрсетілген», – деді Дамир Ташқараев.
Еске сала кетейік, Алматыда өткен баспасөз мәслихатында бұрынғы халық қалаулысы бұл жағдайды саяси қуғын деп бағалады. Оның сөзінше мәслихат сессиясында әкімнің сөзін бөлгеннен кейін ол бірден қызметінен қуылған. Оған дейін партияластары мен әріптестері тарапынан жұмысына ешқандай шағым болмағанын айтқан ол бұған қарсы келтірілген дәлелдерді негізсіз деп санайды. Бұл оқиға депутаттардың тәуелсіздігіне және билікті ашық сынау мүмкіндігіне күмән келтіреді дейді экс-депутат.
Жамбыл облысы әкімінің аппараты бұл айыптауларды толық жоққа шығарып, мәслихат жұмысына ешқандай араласпағанын мәлімдеді. Ведомство өкілдері Ербол Қарашөкеев пен депутат арасында ешқандай жанжал болмағанын және оны бейнежазба да растамайтынын алға тартты. Олар партияға мүшелік ету мәселесін ұйымның өзі шешетінін, ал мандаттан айыру туралы шешімді тәртіп бұзу фактілері негізінде сайлау комиссиясы қабылдағанын жеткізді.
Облыстық мәслихат та әкімдіктің ұстанымын қолдап, партиядан шығару мен мандаттан айырудың екі түрлі заңдық процесс екенін еске салды. Олар бұл жағдайдың сессиядағы оқиғаға еш қатысы жоқ екенін айтып, депутаттар өз пікірін еркін білдіре алатынын, бірақ этиканы сақтауға міндетті екенін ескертті.
«Әкімдік мәслихатқа ықпал етеді деген сөздер шындыққа жанаспайды, шешімдер заң талаптарын сақтай отырып сайлаушылардың мүддесін қорғайтын депутаттардың ұстанымы негізінде алқалы түрде қабылданады», – деп жауап берді мәслихат өкілдері.
Соңғы жаңалықтар