Судмедэксперт Диего Марадонаның өліміне қатысты сұмдық жайтты мәлім етті

Аргентина футболының аңызы Диего Марадона қайтыс болар алдында 12 сағатқа дейін созылған азапты хәлде болған болуы мүмкін,деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы La Nacion порталы судмедэксперт Карлос Маурисио Касинеллидің сот отырысындағы мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Oxu.Az.
Карлос Касинеллидің айтуынша, Марадонаның өліміне қатысты аутопсия нәтижелерін бес сот-медицина сарапшысы жүргізген, ал алтыншысы оның қыздары – Далма мен Джаниннаның атынан бақылаушы ретінде қатысқан. Сараптама нәтижесінде "өкпенің жедел ісінуі, жүректің созылмалы жеткіліксіздігінің асқынуы және дилатациялық кардиомиопатия" диагнозы қойылған.
Аутопсия кезінде Марадонаның жүрегі 503 грамм тартқаны анықталған – бұл оның жасындағы ересек адам үшін екі есе үлкен салмақ. Жүрек май басып, айтарлықтай ұлғайған. Сонымен қатар, бүйректері үлкейіп, іш қуысында 3 литрге жуық сұйықтық табылған. Сарапшының айтуынша, жүректе табылған тромб оның ауыр агония жағдайында болғанын растайды.
TN телеарнасының 18 наурызда хабарлауынша, Марадонаның өліміне байланысты Аргентинада өтіп жатқан сот процесінде оқиға орнына бірінші болып келген полиция қызметкерлері футболшының дене жағдайы мен соңғы күндеріндегі өмір сүру ортасына таң қалғандарын айтқан. Басқа куәгерлер де дененің табиғи емес күйде болғанын атап өткен.
Диего Марадона 2020 жылғы 25 қарашада, 60 жасында көз жұмды. Ресми дерекке сәйкес, оның өліміне өкпенің ісінуіне алып келген жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болған. Осы жағдайдан кейін Аргентина прокуратурасы дәрігерлердің салғырттығына қатысты тергеу жүргізуді бастаған.
Соңғы жаңалықтар





