Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына сотталды

14.07.2026 15:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына сотталды
189
Коллаж Politico.kz

Атырау облысының Жангелдин ауылында бұрынғы әйелінің төрт бірдей туысын өлтірген Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот мәліметінше оқиға 2025 жылдың мамыр және қараша айларында болған. Ер адам бұрынғы әйелінің туыстарына өшпенділікпен қарап, оларға бірнеше рет пышақ сұққан. Қаза тапқан төрт адамның бірі сол сәтте дәрменсіз күйде болған. Қылмысын жасыру мақсатында Сәрсемалиев мәйіттерді көміп тастаған. Оқиға кезінде оның бұрынғы әйелі психикалық ауруына байланысты не болып жатқанын мүлдем түсінбеген.

Кісі өлтірумен қатар сотталушы марқұмдардың банк карталарын, алтын бұйымдары мен телефондарын және 1 млн теңгеден астам қолма-қол ақшасын ұрлаған. Бұған қоса ол қаза тапқандардың жеке куәліктерін иемденіп, банк қосымшалары арқылы 4 млн теңгеден астам несие рәсімдеген және олардың зейнетақыларын үнемі алып отырған. Сонымен қатар ол ауыл тұрғындарына марқұмдардың атынан хабарлама жазып, оларға тиесілі ірі қара мен ұсақ малды сатып жіберген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, бейнежазбалармен, сараптама қорытындыларымен және өзінің мойындауымен толық дәлелденді.

"Сотталушы барлық тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген соттың хабарламасында.

Сот шешімімен жәбірленушілердің пайдасына 40 млн теңге моральдық шығын өндірілді. Ал заңсыз алынған жәрдемақылар мен зейнетақылар мемлекетке қайтарылады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий