Сын мен сынақ үкіметі
2022 жылдың қаңтар айы қазақ мемлекеті үшін оңай болған жоқ. Газ бағасының қымбаттауына қатысты батыстан басталған наразылықтың соңы қаңтар қырғынымен аяқталғанын білеміз. Осы орайда халықтың жаппай толқуына себеп болған бірнеше факторды атап өтейік.
Қазақстан темір жолының тоз-тозын шығарғаннан кейін үкімет басына келген Асқар Маминге елдің қарсылығы әу бастан басым еді. Саясат сахнасындағы сәтсіз кадрдың тағайындалғанына қынжылған халық демін ішіне тартып отырғанда коронавирустың карантин режимі тіпті титықтатып жіберді. Бұл карантин бизнес атаулыны тұралатты. Шикізат сату принціпінен аса алмаған, ішкі нарыққа ұсынар тауар айналымы импортқа тәуелді мемлекеттің бұл саясатты қайта саралауға тура келетінін анық байқатты. Қызмет көрсету саласындағы бизнес өкілдері мен сауда-саттық айналасындағы кәсіпкерлер осы кезге дейін жиған қорынан айырылды, қоры жоғы нарықтан еріксіз кетуге мәжбүр болды. Ал ірі кәсіпорындар логистикалық жүйенің дұрыс құрылмауының құрбанына айналды.
«Газ-50», – деп ұрандаған бейбіт шерудің талабы бара-бара саяси сипат алды. Ұрымтал сәтті «ұтымды» пайдалануды көздеген алауыз топтар аламанды арандатуға көшті. Оның соңы жаппай қирату мен бейберекетсіздікке ұласты. Мемлекеттік нысандар өртелді, авторитарлық билікке қойылған ескерткіштер қиратылды. Ел болса 238 боздағын жоқтап қала берді.
Дәл осы топалаң тұсында үкімет басына 180 күн сынақ мерзімімен Әлихан Смайылов тағайындалды. Өткелде ат ауыстырмайтын қазақ үшін бұл да жақсы жаңалық болған жоқ. Онсыз да құрғақ уәдеге әбден тойған елдің бір бөлігі үкімет басына келген статист маманды аса жақтыра қоймады. Дегенмен, бұқараның басым бөлігі жаңа тағайындалған премьерге мұрсат берейік, сабыр сақтап, әліптің артын бағайық деді. Жас болса да, тәжірибесі жеткілікті маман тұралап қалған экономикаға екінші дем берер деп үміттенді. Ал іске енді кіріскен үкіметтің бірінші кезектегі мақсаты – қираған нысандарды тез арада қалпына келтіріп, бизнес пен тіршілікке қажетті тізбектің жұмысын жандандыру болды.
Келе сала жұмыстың бәрін жапырып кетпегенімен жоспарлы саясатқа иек артатынын байқатқан жаңа үкіметтің алдында екіұдай таңдау тұрды. Бұл құланның қасуына мылтықтың басуы дәл келіп, Ресей мен Украина арасындағы тұтанған соғыс өрті әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайды тіпті ушықтырған сәті еді. Жығылғанға жұмсалған жуан жұдырықтың бір шеті бізге тиері бесенеден белгілі болатын. Ақпандағы ахуал алды-артын алыстан ойлайтын алыптардың өзін алаңкөңіл етті. Салынған санкцияны айналып өту жолында Ресей олигархтары Қазақстан нарығын көздегені жасырын емес. Еуропаға коридор қызметін атқарған Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттері арқылы өтетін транзиттік жол жабылды. Сәйкесінше қалыптасқан логистикалық магистралдың ту-талақайы шықты. Қарапайым қағаз-қаламның өзі қат күйге түсті. Біздің үкімет ескі соқпақтан жаңа сүрлеуге көшуге мәжбүрлігін түсінді. Өйткені текетірестің қашан аяқталары белгісіз еді. Сондықтан бұл тығырықты айналып өтетін өзге бағытты айқындау мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Осындай күрделі мәселелердің әсерінен елдегі инфляция 20 пайызға дейін шарықтап кетті. Қымбатшылық қысып жіберді.
Бірден айта кету керек, жаңа үкіметтің мойнына елдегі жағдайды тұрақтандырудың жаңаша бағытын қалыптастыру жүктелгенімен үкімет мүшелерінің бәрі бірдей түбегейлі өзгеріске сақадай сай болмай шықты.
Ең әуелі Төтенше жағдай министрлігі мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жұмысының шикілігінен республиканың бірнеше аймағында өрт болып, нәтижесінде егістік және орманды алқаптар алапат отқа оранды. Жалын жалмаған аумақ көлемі Төтенше жағдай министрлігі мәліметінше 43 мың гектар жерді құраған. Екі мыңға жуық адам эвакуацияланды. Дәл осы министрлік 2022 жылдың 7 қыркүйегі күні оттың тұтану себебін табиғаттың тосын мінезіне жауып қоя салды. Көпшілік арасында бұл өртті дихандарға жасалған қастандық, тіпті, диверсиялық әрекет деп баға берушілер болды. Осы оқиғаның ізін ала бере Қарағанды облысында 17 рет шабындыққа шоқ түсті. Оны да жылдағы болатын қалыпты жағдайға жатқызды. Төтеншеліктердің тікұшағы мен техникасында біресе жанармай болмай, біресе өрт сөндіретін көліктің суы болмай әбден күлкіге қарық қылғаны есімізде. Ел күткен отставка кешеуілдеп барып жүзеге асты. Алайда төтенше жағдай толастаған жоқ.
Қостанай облысында, Алматыда, Абай облысында орын алған алапат өрт аталған министрліктің бетпердесі мен бүркемесін бір-ақ сәтте сыпырып тастады. Өрт сөндіру қызметінің жалақысы 30 мың мен 140 мың теңге аралығында деген ақпар желіде желдей есті. Бірнеше боздақ қаза тапты, мыңдаған гектар жерді жалын жалмады. Бұл да Смайылов үкіметінің сыналған сәті еді. Әділін айту керек, алапат өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындары жәрдемсіз қалған жоқ. Билік 90-нан астам жаңа үйдің кілтін қысқа қалдырмай табыс етті. Сондай-ақ, Төтенше жағдай қызметкерлерінің де жалақылары өсіп, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілді.
Жанған ағаш пен күлге айналған шабындықтың қоламтасы суымай жатып жылу жүйесінен де ақау шықты. Риддер, Рудный, Семей, Екібастұз халқы қара суық пен қақаған аяздың құрсауында қалды. Жарылған жылу құбырларына жауапты мекеме басшылары: «Апаттың алдын ала алмадық», – деп кешірім сұраудың орнына мемлекеттен жылу жинауға шақ қалды. Бөлінген қаражаттың тиісті жеріне жетпегенін, оны қадағалайтын жауапты адамдардың жауапкершілігі болмағанын айқын көрсеткен апат осы еді. Сүйкеніп қалса сүйеулі тұрған сырықтай құлай кететін су құбырларының бәрі ескірген. Бірінен кейін бірінің жарылуы да сол еді. Шіріген құбыр шіріген жүйенің айнасындай.
Жылу жүйесіндегі тарифтерді қолдан тежеу, тариф құнына тиісті көңіл бөлмеу, мемлекеттен бөлінген қаражаттың дұрыс игерілмеуі қордаланған мәселені тіпті қиындата түсті. Бір ғана Астана қаласында орналасқан ТЭЦ-3 құрылысына 2010 жылы 193,7 млрд теңге бөлініп оның құрылысы 2018 жылы аяқталып, 2020 жылы сағатына 3285 Гкал жылу, 1130 мВт электр энергиясын өндіріп, жыл сайын артып бара жатқан энергетикалық қажеттілікті толық қамтамасыз ету керек болатын. Бірақ үкімет те, халық та аяқталған құрылыс нысанын, іске қосылған жылу электр орталығын көрмеді.
Халық тағы да үкіметті жылыту науқанына дайын болмай шықты деп сынға алды. Әрине, 30 жыл бойы өлместің күнін кешкен жылыту қазандықтарының бәрін 1-2 жылдың ішінде жаңартып тастау мүмкін емес. Бірақ, қазіргі үкімет бұрын кейінге шегеріліп келген үкімет басшыларының шешімдеріне амалсыз жауапты болуға тура келді. Апат салдарын жойып, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттің қазынасынан бас-аяғы 300 млрд тг қаражат бөлді.
Сонымен қатар елордадағы жыр болған жылу электр орталығына тағы да қыруар қаражат салып, ТЭЦ-3 құрылысын толық аяқтап, нысанды халық игілігіне тапсырды. Салынған қаражаттың ақталу-ақталмауын осы қыс көрсетеді. Осындай сынақтардан кейін үкімет мүшелері арық сөйлеп семіз шығуды үйренген шығар деп үміттенеміз.
Премьер-министрдің газ бағасы мен жанармай құнын 6 ай бойы күшпен ұстап тұру әрекеті баға тарифі мен нарық өлшемі үшін кешенді шешім бола алмағанын ерінбегеннің бәрі ескертті. Айтылған сын Рошковское атты ірі газ конденсатын айыру орталығына қатысты еді. Бұл кеніш бір жылда 1 млрд куб/м газ бен 500 мың тонна конденсат өндіруге қауқарлы деген мәліметтің анықтығына халық сене алмады. Жоспарлы жұмыстың қиындығына қарамастан аталған кеніш іске қосылып өз жұмысын бастап кетті. Одан бөлек Қызылорда мен Ақтөбеде тағы екі кеніш қолданысқа берілді. Ақтөбеде, Атырауда, Маңғыстауда тағы да жаңа кеніш ашылмақшы деген ақпар бар. Үкіметтің сөзіне сенсек құрылысы енді аяқталған ұзындығы 300 шақырым болатын Бейнеу-Жаңаөзен газ құбырының қуаттылығы Маңғыстаудағы газ мәселесін түбегейлі шешеді дейді.
Бұдан бөлек Астанада Оңтүстік-шығыс және Тұран атты екі жаңа газбен жылыту орталығы өз жұмысын бастапты. Осы нысандар әзірге бас қаланың жылуға қатысты сұранысын артығымен өтей алады екен. Алғаш тағайындалған сәттегі елең-алаңның арасынан табылған жол ақырын өз нәтижесін бере бастады.
Ауызды қу шөппен сүртпей қарқынды болмаса да қайырлы болған жұмысты тізбелеп көрейік. Смайылов үкіметінің жемісті бастамаларының бірі ретінде демонополизация яғни жеке меншікке өтіп кеткен активтер мен ірі кәсіпорындарды мемлекет балансына қайтару ісін атап өтуге болады. Мәселен, Қазіргі таңда заңсыз иемденілген 1 трлн теңгеге жуық қаражат қазынаға қайтарылды. Сонымен бірге 10 млн га а/ш жерлері қайтарылып алынды. Дәл қазір шаруалардың игілігіне беріліп жатыр. Мемлекет балансынан заңсыз шығарылған активтерді, мүліктерді қайтару әлі де жалғаса беретініне сенеміз. 30 жыл бойы ескі билікпен ауыз жаласқан олигархтардың халық қазынасынан оңды-солды талан-тараж еткен мүлкін қайтару ісі де бір мезеттік шаруа емес. Алайда ауыз толтырып айтуға лайықтысы болат пен темірдің мол қоры шоғырланған, Митталдың мұртын майлап келген ҚарМет комбинатының ұзақ келіссөздің нәтижесінде мемлекет бақылуына қайтарылуы еңкейген еңсені бір серпілтіп тастағаны шындық. Шахталардағы үздіксіз жарылыс, қауіпсіздік заңдарының сақталмауы, экологиялық талаптардың орындалмауы, уәде еткен қаражаттың кеніш тамырына жетпеуі келісімшартты бұзуға әкеліп соқты. Осы шешімді халықаралық аренадағы Қазақ мемлекетінің абыройын сақтай отырып жеткен жетістік болды деуге толық негіз бар. Президент жаңа инвесторға қойылар талап күшейетінін айтты. Алдағы 3-4 жылда жаңа инвестор ҚарМет кенішіне кем дегенде 3 млрд доллар қаржы салуға міндетті көрінеді. Оның ішінде 1,3 млрд долларды биыл салады екен. Бұл да бір жақсылықтың нышаны сияқты.
Президенттің ұлттық экономиканы тұрақтандыру тапсырмасын Премьер шама-шарқынша орындаған секілді. Мәселен 2022 жылы 20 пайыз болған инфляция деңгейі 2023 жылы 9,8 пайызға дейін, яғни екі есеге төмендеген. Экономиканың өсімі 2023 жылы 5 пайызға жуықтады, нақтырақ айтсақ, 11 айда 4,9 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті халықаралық сарапшылар да бақылап қуаттап отырған көрінеді.
Үкімет үйіне қатысты тоң-теріс ақпардың терістігінен күнгейіне өтер болсақ Астрахан-Маңғышлақ су жүйесінің модернизациясы аяқталыпты. Нәтижесінде Атырау мен Маңғыстаудағы ауыз су тапшылығын жоюға септігін тигізеді дейді... Батыс аймақтағы жаңа электр желілері салынғалы бері аталған өңірді үздіксіз әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігі туған. Бұл да Жайық жағасында отырған ағайын үшін жақсы жаңалық. Жайық дегеннен шығады, былтырдан бері біздегі өзен-көлдің су қоры тым төмендеп кеткен еді. Оның төмендеуіне суармалы егін шаруашылығы мен қуаңшылықтың әсері мол болған. Қуаңшылықты жеңе алмасын білген үкімет келіссөз санын арттырып нәтижесінде қырғыз ағайынмен ортадағы шекті су мәселесін қайта пысықтады. Дәл осы мәселе Ресей мен Қазақстан үкіметі арасында да едәуір талқыланды.
Тілге тиек болар тағы бір ақпар мынадай: Биыл ғана үкімет Шығыс пен оңтүстікте ұзындығы 1300 шақырым болатын төрт бағыттағы ірі темір жол құрылысын қолға алыпты. Егер аталмыш теміржол толық іске қосылар болса логистика саласындағы бірталай шығын азаяды, жеткізу қызметінде жеделдік артады, пойыздардың кешігуі сап тыйылады-мыс.
Бұдан бөлек құрылысы өте күрделі болған Үлкен Алматы айналма тас жолының іске қосылуы мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуға, кептеліс пен жүк тасымалын реттеуге көмегі зор дейді премьер. Жоғарыда аталған нысандардың дені жүзеге асқан, қолданысқа берілген республикалық әрі аймақтық маңызы бар көлемділері екенін қайта бір еске салайық.
Екі жылдық есебін беріп үлгерген үкіметтің таратқан мәліметіне қарасақ, бір ғана ШОБ қатысты реформасы осы кезге дейін бизнеске кедергі келтіріп келген 10 мың артық талапты алып тастады деп мамандар бөркін аспанға атып жатыр. Соның арқасында ШОБ үлес салмағы 40 пайызға жақындап қалған екен. Бәлкім солай шығар. Солай шығар дейтініміз бизнеске жасалған жеңілдік кемі 4-5 жылда ғана нәтиже беретінін ұмытпайық.
Бейтарап саясатты бағдар еткен Қазақстан үшін алыспен ағайын, жақынмен жекжат ұстанымы бірінші орында. Шекаралас көршілердің арасындағы кикілжіңді өздерінің еншісіне қалдырғанмен осындай кезде ұтқыр жол табу қиынның қиыны. Ресейдің нарығын қамтамасыз етіп отырған алпауыттарды елге әкелсек оның аржағында халықаралық дау мен санкция тұр. Әкелмейін десек экономикалық мүдде тұр. Сондықтан мұндай сәттерде айналаға екі қарап бір шұқымаса аяқ аспаннан келуі мүмкін. Президент әліптің артын баға жүріп, өгіз де өлмес, арба да сынбас жол тапқанының арқасында көптеген ресейлік компаниялар біздің нарыққа ойыса бастады. Сондай алып компаниялардың бірегейі жолаушы тасымалы саласында әлемге мәшһүр «Индрайвер» компаниясы да қазақ жеріне ту тікті.
Кезінде Гүржістандағы саяси жағдай ушығып, ішкі шиеленіс ширығып тұрған уақытта біздегі банк жүйесіне инвестор ретінде Михаил Ломтадзені алдырып едік. Содан Каспи банк сауатты бәсеке қалыптастырды. Кассаның кезегіне үйренген халықты Каспидің дерегіне сенуге итермеледі. Барлық банк операциясы қалтамызға түсті. Дәл қазір осы жүйеге, анықтап айтайық, қазақстандық онлайн банк жүйесіне қызыға да, қызғана да қарайтын елдер жетерлік. Тура сондай жағдай енді жолаушы тасымалында орын алады деп сенеміз. Жүргізушілер отандық такси қызметін қолдана алады. Бұл бәсекесі қанша жоғары сала болғанымен нарығы да сонша кең экономикалық драйверге сұранып тұрған компания. Тек тиімді тетігін қолына ұстатып, жұмысына кедергі жасалмаса болғаны. Сауатты бәсеке болуы үшін сапалы қызмет саны артуы керек. Енді Индрайвердің соңынан Ресей нарығында түтінге тұншығып қалған көп компания бізге ағылары сөзсіз. Солардың жұмысына ыңғайлы жағдай жасап, пайдасын елдің игіліне жарату қазіргі үкіметтің келесі міндетіне айналсын. Ресми мәліметке сүйенсек, қазірдің өзінде біздің елімізге 37 шетелдік компания қоныс аударыпты. Бұл да болса, инвестициялық ахуалдың жақсарғанын көрсетсе керек.
2 жыл ішінде атқарылған ірілі-ұсақты шаруаның бәрін тізбелей беру мақсат емес. Дегенмен, көзге көрінген, сөз талқысына түскен тұшымды деректі оқырман назарына ұсынып отырмыз. Ең өзекті деген, күйіп тұрған дүниелерді шешіп отырған үкімет те негізі жаманатты болмайды. Бірақ соның өзін көп көретін, өз міндетіне салғырт қараған басшылар болды. Әлі де болады.
Саясат сахнасында бұрынғы үкімет басшылары жұртшылық пен БАҚ өкілдерінің алдына шығып, сұхбат бергендері некен-саяқ. Бұл тұрғыда, Әлихан Смайыловты қоғаммен тікелей ашық байланыс орнатуға талпынған үкімет басшысы ретінде сипаттауға әбден болады. Кезінде БАҚ өкілдеріне берген осындай сұхбаттарының бірінде «Хэллоуин мерекесі халқымыздың дәстүріне жат» деп пікір білдіргені де оның қазақы қалпының қаншалықты берік екенін аңғартса керек-ті.
Ендеше, үкіметтің екі жылдағы азды-көпті жұмысынан жалаң ұран мен сылдыр сөзден гөрі нақты нәтижеге, ілкімді істерге иек артқанын байқау қиын емес. Кәсіби қаржыгер әрі білікті экономист үкімет басшысының кәнігі кризис-менеджер ретінде сыналар шағы алда деп ойлаймыз.
Асқар Амангелді
Здесь пока ничего нет
Соңғы жаңалықтар
12.12.2024
09:55
Ұлытауда олигархтардан алынған ақшаларға мектеп...
12.12.2024
09:39
Қазақстанның тәуелсіздік алғаны
12.12.2024
09:27
Полиция Шерзат Полаттың үйін өртеген адамдарды ...
12.12.2024
09:10
2025 Жаңа жылға арналған құттықтау сөздер мен т...
11.12.2024
21:21
Шерзат Полат ісіндегі екі әйел куәгер болып кет...
11.12.2024
20:19
Марқұм Нұрқанат туралы тың деректер шықты