Сыртқы істер министрлігі Грекияда 125 жылға кесілген қазақстандық жайлы айтты
Грекияда заңсыз мигранттарды тасымалдады деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылған қазақстандық азаматтың жағдайына қатысты Сыртқы істер министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Министрлікке Грекияның Трикала қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қазақстан Республикасының азаматы Р.Т. Қадыров туралы белгілі. Қолда бар ақпаратқа сәйкес ол заңсыз мигранттарды тасымалдағаны үшін Грекия сотының үкімімен сотталған, ал бұл елдің заңнамасы бойынша мұндай әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады. Грекиядағы дипломаттарымыз отандасымызға өз құзыреті шеңберінде қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр, мәселе министрліктің бақылауында», – деп хабарлады ведомство.
Осыған дейін ақтөбелік Нұрхан Қадырова ұлы Рашид Қадыровтың Грекия түрмесінде екі жылға жуық уақыт отырғанын және 125 жылға сотталғанын айтып, оған араша түсуді сұрап Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне көмек сұрап жүгінген болатын. Анасының сөзіне қарағанда жігіт шетелге кететіні туралы жақындарына ескертпеген, тек кейінірек оның Түркияға жұмыс істеуге ұшып кеткені белгілі болып, артынша ол Грекия түрмесінен хабарласқан.
Жас жігіт Instagram желісіндегі туристермен жұмыс істеу туралы хабарландыруға сеніп қалған көрінеді. Белгісіз адамдар оның жолақысын төлеп бергенімен, кейіннен оны заңсыз мигранттарды тасымалдау ісіне алдап тартқан болуы мүмкін. Нұрхан Қадырова ұлының бұл қылмысты ұйымдастырушы емес екенін және оның тек алаяқтардың құрбаны болғанын алға тартып отыр.
Соңғы жаңалықтар